Палата спикері Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс делегациясы Қарағанды облысының Нұра және Осакаров аудандарына барды, деп хабарлайды Astana TV.
Мәжіліс депутаттары өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
Нұра ауданында депутаттар Болат Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледжге барды. Оқу орны агроөнеркәсіп, құрылыс және өндіріс салаларына арналған он мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Бүгінде мұнда шамамен 300 студент білім алып жатыр.
Мәжіліс төрағасы педагогтерге арнаған сөзінде Еңбек адамының рөлі мемлекет үшін маңызды екенін атап өтті. Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша мамандарға сұраныс 40 пайыздан асып отырғанын айтып, осыған байланысты жас, білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.
Өздеріңізге белгілі, Президентіміз биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бағытта колледждер мен училищелер елге қажетті мамандар даярлау ісінде ерекше рөл атқарады. Мықты экономика мен елдің жарқын болашағы ұстаздардың қолында. Сондықтан мемлекет сіздерді толық қолдайды. Колледждерді дамытуға және мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға бар күшін салады, – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар жұмысшы мамандық иелері үшін жаңадан тұрғын үй ипотекалық бағдарламасының іске қосылғанын, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылғанын атап өтті.
Депутаттар сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған көппәтерлі тұрғын үй кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Аймақ басшылығының айтуынша, ауылдағы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бүгінде Нұра ауылында білікті кадрлар тапшылығы мәселесі іс жүзінде шешімін тапқан.
Мәжіліс депутаттары биыл іске қосылған «МФ Рамадан» ЖШС-нің сүт фермасының жұмысымен танысты.
Осакаров ауданында Мәжіліс төрағасы мен депутаттарға тағы бір инвестициялық жоба – қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр стансасының құрылысы таныстырылды.
Делегация сондай-ақ 2020 жылы толық қайта жаңғыртудан өткен «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығына барды.
Мәжіліс депутаттары Осакаров ауданының жұртшылығы өкілдерімен кездесіп, жергілікті өндірісті дамыту перспективалары талқыланды.
Ерлан Қошанов өткен сессияда қабылданған Салық, Бюджет және Су кодекстері, сондай-ақ әлеуметтік даму бағытындағы бірқатар заң туралы айтып, аудандық мәслихат депутаттарын заң шығару жұмысына белсендірек қатысуға шақырды. Өз ұсыныстарын Қоғамдық палата арқылы енгізіп, сондай-ақ Мәжіліс сайтындағы арнаулы модульдің мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес берді.
Азаматтардың, кәсіпкерлердің және аудан басшылығының өтініштері мен ұсыныстары Мәжіліс депутаттары тарапынан жаңа парламенттік сессия басталған кезде талқылауға шығарылатын болады.
Осыған дейін Ерлан Қошанов ШҚО-дағы көтерме сауда орталығына барған болатын.