Танымал музыкалық продюсер, әнші Бағым Мұхитденова марқұм жолдасын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Оның өкпесі қабынып кетті. Ол ауруханаға мүлде барғысы келмеді. Мен үнемі тексерілуге барайық деп айтатынмын. Күйеуім болса, Жаңа жылдан кейін барамын деп бой бермеді. Ал қаңтардың екісі күні оны жедел жәрдем көлігі алып кетті. Ертесіне маған хабарласып, оның жағдайы жақсы емес екенін жеткізді. Оны ИВЛ-ге қосатындарын айтты. Одан кейін біз ұзақ күрестік. Осы тұста жездем Тұрсын Алагөзовке ерекше алғыс айтқым келеді. Күйеуім 33 күн аппаратта болды. Біз өкпесін ауыстыруға дейін барады деп ойладық. Бірақ ол әрі қарай көтере алмай қалды. Бізде медицина қызметі өте қымбат, ал мен көп ақша таппаймын. Оның ауруханадағы әр күні өте қымбатқа түсті. Бірақ біз қолымыздан келгенше күрестік, түбінде жеңілдік. 33 күн жатып қайтыс болды. Ол төрт-ақ күн ауырып ауруханаға түсті, түсінбей де қалдық", – деп көз жасына ерік берді Бағым.
Айта кетейік, продюсер жолдасымен 23 жыл бірге тату-тәтті өмір сүргенін жазған едік.
“Біздің соңғы рет бірге түскен фотомыз. 23 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы әнді саған ғана арнап орындауым ұнайды деп ойлаймын" – деп жазды Бағым Мұхитденова.