Жетісу облысындағы Балқаш көлі маңындағы демалыс аймағы ретке келтірілуде. Өңірдегі туризм әлеуетін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Партияның Бақылау департаментінің директоры Дәурен Бижуманов жұмыс сапарымен аймаққа барып, Балқашқа дейінгі автомобиль жолдарының құрылыс қарқынымен танысты.
Соңғы жылдары көлге апаратын жол екі учаскеге бөлініп, кезең-кезеңімен жөнделді. Оның ішінде ұзындығы 27 шақырымды құрайтын «Лепсі – Балқаш көлі» жолы былтыр пайдалануға берілген еді. Ал биыл «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» бағытының 35-110 шақырым аралығы көлік қозғалысына ашылды.
«Балқаш көліне апаратын жолдың ашылуы – партиямыздың сайлауалды бағдарламасында көзделген маңызды басымдықтардың бірі болатын. Бүгінде жолдың негізгі бөлігі көлік қозғалысына ашық. Партия облыстық маңызы бар 1 мың шақырым жолдардың құрылысын өз бақылауында ұстайтын болады. Бұл – ел азаматтарының жайлы, қауіпсіз және қолжетімді жолмен қамтамасыз етілуіне бағытталған ортақ міндетіміз», – деді партиялық бақылау департаментінің басшысы Дәурен Бижуманов.
Сонымен қатар Балқаш көлі маңында демалыс орындарын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым – ауызсу, электр жарығы, кәріз жүйелері – кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.
«Жоба 2026 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Алайда қазіргі жұмыс қарқыны жоспардан озық келе жатыр. 9 шақырымнан астам жағалауға дейінгі жолды салуға дайындық жүріп жатыр»,– деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Нұрлан Далдыбаев.