Астанада базар өртенді. Ал базар әкімшілігі бұл туралы хабарламаған. Өрт сөндірушілер келгенше ғимараттың сырты опырылып түскен. Бірінші және үшінші қабаттың терезелерінен шыққан қою қара түтінді байқап, өрт сөндіру қызметкерлері жағдайды өздері анықтаған. Салдарынан тілсіз жауды ауыздықтау қиындап, жалын ғимараттың барлық аумағына тарап үлгерген. Отты сөндіруге 165 адам, 62 техника жұмылдырылды.
ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Өртті сөндіру жұмыстары жоғары жану жүктемесі мен қатты түтіндеу салдарынан күрделі болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт сағат 07:10-да оқшауланды. Құтқарушылардың жедел қабылдаған шараларының нәтижесінде өрттің жақын орналасқан ғимараттарға таралуына жол берілмеді.