Ел алдында Азаматтық қоғамның институттарын одан әрі дамыту міндеті тұр. Бұл туралы Шымкентте өткен IV қалалық Азаматтық форумында айтылды. Шара үкіметтік емес сектор, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған.
БАНУ НҰРҒАЗИЕВА, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Барлық өңірде талқыланатын мәселе - негізі азаматтық бастамаларды қолдай ма билік, азаматтық қоғам дамып жатыр ма немесе тоқтап тұр ма? Белсенділік артып жатыр ма, жоқ па? Сонан кейін осы белсенділіктің арқасында не өзгерді біздің елімізде, біздің өңірімізде деп осы мәселелерге бірінші тоқтаймыз.
Айта кетейік, форум екі жылда бір рет өткізіледі. Бұл жолы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылуына және ҮЕҰ қызметінің құқықтық негізін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Шымкентте бүгінде 1723 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың бәрі де түрлі мәселеге бастамашы болып жүр.
АЛМАГҮЛ КЕНЖЕТАЕВА, ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІК ТӨРАҒАСЫ:
Инватуризм - ол балалар үйде отырып қалған балалар болғандықтан олар қоғамға араласу керек деген мақсатта. Өйткені ел мен жерді көру керек, адамдармен араласу керек. Дәл кешегі күні біз үкіметтік емес ұйымдар сол 20 баламыздың онына сертификат алдық.
IV Шымкент қалалық азаматтық форумына қалалық үкіметтік емес ұйым өкілдерінен бөлек еліміздің 16 өңірінен келген қонақтар, және жауапты министрлік пен республикалық Азаматтық альянс өкілдері қатысты. Сондай-ақ, алқалы жиында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, халқымыздың салт-дәстүрін терең насихаттауға үлес қосу жайы да сөз болды.