Италиялық UCI ұйымы тоқыма, құрылыс материалдары және фармацевтикалық өнімдер жасауға арналған өндірістік кенеп (қарасора) жобасын Қазақстанда іске қосуды қарастыруда.
Астанада «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарлары Азамат Қожанов пен Мадияр Сұлтанбектің Италияның жетекші аграрлық ұйымы — Unione Coltivatori Italiani (UCI) президенті Марио Серпилломен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда өндірістік кенеп өсіріп, оны терең өңдеу арқылы тоқыма, құрылыс материалдары және фармацевтикалық өнім шығару жобасын жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады. Жоба заманауи агротехнологияларды қолдануға негізделмек.
Италиялық тарап UCI-дің бұл саладағы жиналған тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, орнықты жер шаруашылығы технологиялары, жабық циклдегі өндіріс (май, талшықтар, биоматериалдар өндіру), сертификаттау және лицензиялау жүйесі, сондай-ақ медицина, косметология, тоқыма және құрылыс салаларындағы ғылыми-зерттеу институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстандық тарап халықаралық ынтымақтастыққа мүдделілік танытып, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруда, әсіресе фармацевтика, биоэнергетика және жеңіл өнеркәсіп сияқты бағыттарда өндірістік кенеп саласының жоғары әлеуетіне назар аударды.
Жоспарланған жоба аясында еліміздің түрлі аймақтарында жалпы ауданы 100 гектарға дейінгі жер телімдерінде агротехнологияларды кезең-кезеңімен сынақтан өткізу және кейіннен өндірісті ауқымдандыру көзделіп отыр. Бұл ретте құрамындағы тетрагидроканнабинол (ТГК) деңгейі халықаралық стандарттарға (0,3%-дан аспайтын) сәйкес келетін өндірістік кенеп сорттары қолданылмақ. Мұндай көрсеткіш өсімдіктің психоактивті әсері жоқ екенін білдіреді және оны техникалық шикізат ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар UCI делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға уағдаласты. Сапар аясында уәкілетті мемлекеттік органдармен, даму институттарымен кездесулер өткізу, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін әлеуетті өңірді таңдау жоспарлануда.
Unione Coltivatori Italiani (UCI) — Италиядағы ең көне және беделді аграрлық кәсіптік ұйымдардың бірі. 1920-жылдары құрылған бұл ұйым 300 мыңнан астам қатысушыларды біріктіреді. Олардың қатарында фермерлер, агробизнес өкілдері және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеушілер бар. UCI Италия мен ЕО-дағы аграрлық саясатты қалыптастыруға белсене қатысады, ауыл шаруашылығына инновациялар енгізіп, тұрақты даму мен азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған халықаралық жобаларды жүзеге асырады.