$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Шымкентте Камеруннан келген футболшы 8 жылға сотталды

AstanaTV
20.07.2025ж. 18:43
80
Шымкентте Камеруннан келген футболшы 8 жылға сотталды

Шымкентте Камерун азаматы, жергілікті футбол командасының бұрынғы ойыншысы есірткі қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 

Ол 2025 жылдың көктемінде синтетикалық есірткімен ұсталып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

ІІМ дерегінше, шетелдік азамат Telegram мессенджері арқылы психотроптық заттарды таратумен айналысқан. Ол Қазақстанға 2020 жылы жұмыс істеу мақсатында келген және біраз уақыт Шымкенттегі футбол клубтарының бірінде ойнаған.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлімі 1) және 3) тармақтары бойынша («Психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде сатып алу, сақтау және сату мақсатын көздеген адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасау») айып тағылды.

Сот мәліметінше, 2025 жылдың наурыз айында М. есімді азамат Telegram желісі арқылы белгісіз біреуден психотроптық заттарға қатысты жұмыс ұсынысын алған. Ол ұсынысты қабылдап, Алматыдан Шымкентке келген. Күдікті сол адамның нұсқауымен Алматыдан келген жылытқыш құрылғысы салынған қорапты алып, ішіндегі α-PVP психотроптық заты бар пакетті қабылдап алған. Тәркіленген заттың жалпы салмағы — 1346,01 грамм, бұл — аса ірі көлем саналады.

Осы күні М. есірткімен ұсталып, оның тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізілген. Нәтижесінде электрон таразы, буып-түюге арналған пакеттер мен изолента тәркіленген.

Сот шетелдікті кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік колониясында 8 жылға бас бостандығынан айырды. Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және Камерунға экстрадициялауды сұраған.

Айта кетейік, бұл сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.