$531.96 €622.45 ₽6.79
×

Ипотека нарығында Отбасы банк үлесі азаюда

AstanaTV
22.07.2025ж. 17:07
101
Ипотека нарығында Отбасы банк үлесі азаюда

Отбасы банк арқылы баспанаға ақша жинап жатқан қазақстандықтардың саны 3,2 млн-ға жетті. 2025 жылдың алғашқы 6 айында депозиттерге түскен қаражат көлемі – 616 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39% жоғары, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

2025 жылы Отбасы банкте 474 054 қазақстандық жаңа депозит ашты. Жинақ шотындағы қаражат оларға болашақта елдегі ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен – жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) жылдық 8,5%-ға дейін (ЖТСМ 9%-дан 9,6%-ға дейін) кредит рәсімдеп, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.

Теңгедегі ұзақ мерзімді қазақстандық салымдардағы банктің үлесі 33%-ға тең. Банк клиенттерінің жинақ шоттарында 2,5 трлн теңге бар.

Күн сайын Отбасы банктің көмегімен 300-ден астам қазақстандық қарыз алып, қоныс тойын тойлауда. Банктің елдегі барлық ипотека портфеліндегі үлесі 51%-ды құрайды (01.06.2025 жылғы деректер бойынша). 

Салыстыру үшін айта кетейік, көрсеткіш 2021 жылы — 66%, 2022 жылы — 64%, 2023 жылы — 60%, 2024 жылы — 55% болған.

Жыл басынан бері банк 37 965 қарыз берді. Бұл ретте клиенттердің шамамен 80%-ы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде емес, бастапқы жарнаға ақша жинап, коммерциялық нарықтан баспана сатып алған.

Банктің NPL деңгейі (90 күннен астам мерзімі өткен несиелер үлесі) Қазақстандағы ЕДБ арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі – не бәрі 0,12%-ға тең. Бұл көрсеткіш нарықтағы орташа NPL деңгейінің көрсеткіші 3,39%-дан едәуір төмен.

Қазіргі таңда Отбасы банк Қазақстандағы ЕДБ арасында активтер көлемі бойынша бесінші, ал меншікті капитал бойынша төртінші орында тұр. Бүгінде Отбасы банктің қолдауымен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі сенімділігінің арқасында 600 000 қазақстандық отбасы өз үйлерінде тұрып жатыр.