Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа түсті, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша Ж.-ға қатысты қылмыстық іс түсті. Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 2025 жылғы 28 шілдеде сағат 10:00-ге белгіленді», – деп мәлімдеді сот.
Еске салайық, Берденовке қастандық 21 сәуір күні кешке жасалған болатын. Әкім орынбасары оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, оған Шымкент әкімдігі жанындағы ЖШС қызметкері оқ атқан. Қастандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Қастандықтың себептерінің бірі ретінде ықтимал сексуалдық қысым көрсету нұсқасы аталған еді, алайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмакұлова бұл нұсқаны жоққа шығарды. 12 мамырда қастандықтан аман қалған Руслан Берденовтің ауруханадан шығуға дайындалып жатқаны хабарланды. 25 маусымда бұл қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. 26 маусымда Руслан Берденовтің Respublica партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кетті.