$538.64 €631.56 ₽6.85
×

Әкім орынбасарлары сөгіс алды

AstanaTV
23.07.2025ж. 12:24
107
Әкім орынбасарлары сөгіс алды
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Тексеру аясында Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарының курорттық аймақтары қамтылып, туризм саласындағы күрделі жүйелі проблемалар анықталды,  деп хабарлайды Astana TV.

Инспекция қорытындысы бойынша Балқаш қаласының әкімі тәртіптік жазаға тартылып, оған ресми түрде сөгіс жарияланды. Мұндай шешім туристік инфрақұрылымның қанағаттанғысыз жағдайы мен жағажайларда санитарлық талаптардың өрескел бұзылуына байланысты қабылданған.

Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, коммуналдық жағажайлардағы ахуал ерекше алаңдаушылық туғызған. Тексеру барысында абаттандыру талаптарының сақталмауы, кәсіпкерлер тарапынан кассалық тәртіптің бұзылуы, чектердің берілмеуі, санитарлық-гигиеналық және қауіпсіздік нормаларының орындалмауы сынды заңбұзушылықтар тіркелген.

10–12 шілде күндері жұмыс тобы Балқашқа барып, жағдайды көзбен көріп қайтты. Делегация мүшелері туристермен кездесіп, демалыс орындарын аралап, көрсетілетін қызметтердің сапасымен танысты. Қалаға келген қонақтар инфрақұрылымның нашарлығы, қолайлылықтың жоқтығы, жағажайлардың тазаланбауы және қауіпсіздік шараларының сақталмауына қатысты шағым айтты.

Тексеру қорытындысында туризм саласына жетекшілік ететін Қарағанды облысы әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ Балқаштың бірқатар ауылдық округ әкімдерінің атына да тәртіптік жаза қолданылды. Бұдан бөлек, облыстық туризм, кәсіпкерлік, экология, сәулет және сауда басқармаларының басшылары жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, экология, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары, көлік және сауда министрліктерінің аумақтық бөлімшелерінің жетекшілеріне де тиісті шаралар қабылданды.

Қазіргі уақытта өңірде орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен қосымша тексерулер басталды. Олардың нәтижесінде туризм инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған Жол картасы әзірленетін болады. Құжатта жүйелі мәселелерді жоюға арналған шұғыл іс-шаралар қамтылады.

Сонымен бірге, жұмыс тобының негізінде тұрақты түрде жұмыс істейтін жобалық кеңсе құрылды. Оның міндеті — курорттық аймақтардағы абаттандыру жұмыстарын, туристік қызмет сапасын арттыруды және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді үйлестіру.

Еске салайық, биылғы жазда Балқаш қаласына туристер көптеп келгенімен, көрсетілетін қызмет сапасы мен инфрақұрылым деңгейі қоғамда кең талқыланған болатын. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер бұл мәселені бұған дейін бірнеше рет көтеріп, енді ол Үкімет деңгейінде ресми жауапқа ие болды.