$538.64 €631.56 ₽6.85
×

Қазақстанда дәрігерлердің қабылдау уақыты ұзаратын болды

AstanaTV
23.07.2025ж. 23:31
156
Қазақстанда дәрігерлердің қабылдау уақыты ұзаратын болды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) көрсетудің негізгі тәсілдері қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық БМСК орталығының директоры Айгүл Қасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айтуынша, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңа басқару шешімдері енгізіліп, нормативтік-құқықтық база жаңартылып жатыр.

Атап айтқанда, БМСК дәрігерінің қабылдау уақыты ұзаратын болды. Бұған дейін қабылдау учаскелерінде күніне 4-5 сағат болса, енді бұл уақыт 6 сағатқа дейін ұзартылмақ.

«Пациенттердің қозғалыс бағыты қайта қаралды, көмек көрсетуге қатысты басымдықтар нақты белгіленді. Мейірбике қабылдау енгізілді, бейінді мамандарға өздігінен жазылу мүмкіндігі қарастырылды, қабылдау тіркеу кестесіне сай жоспарланады, тірі кезек болмайды. Әсіресе, жоспарлы ауруханаға жатқызу алдында кеңес беру мен диагностикалық қызметтер оңтайландырылды», – деді Айгүл Қасымова сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ынталандырушы компонентті есептеу әдістемесі жаңартылып, дәрігерді үйге шақыру көрсеткіштері нақтыланды. Жоспарлы емханаға жатқызу алдында кеңес-диагностикалық қызметтерді алу тәртібі де оңтайландырылды.

Мобильді бригадалардың қызметі кеңейтіліп, БМСК аясында шұғыл көмек көрсететін кабинеттер ашылады. Сондай-ақ бейінді мамандардың кейбір өкілеттіктері жалпы практика дәрігерлері мен мейірбикелерге беріледі.

Бұл шаралардың барлығы медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттырып, кезек күту уақытын азайтуға және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.