Алашқа
аты мәлім Қалихан Алтынбаевтың торқалы тоқсан жылдығы туған жері Шығыс
Қазақстан облысында аталып өтті. Ақынның кіндік қаны тамған Қалбатау ауылында
ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сөз сайысына елдің түкпір-түкпірінен келген он
екі жас ақын қатысты. Шығыстың шайыры Қалихан
Алтынбаевтың ескерткіші ашылды.
Ескерткіш
авторы Ертіс Тәти белгілі ақынның бейнесін тасқа қашапты. Прозаик ақын,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қалихан Алтынбаев саналы ғұмырын қазақ
халқының мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптейтін өрелі өлең шығаруға арнаған. Ол
көптеген мағыналы мақалалар мен әсерлі әндердің де авторы. Дәулескер күйші
болмаса да, әуесқой домбырашы. Жыр дүлдүлі Алтынбаев - айтыс өнерінде айрықша
стиль, өшпес із қалдырған өр тұлға.
Маратқазы Зүкенов, Қалихан Алтынбаевтың замандасы:
Мен Қалихан Алтынбаев ағамызбен 1959 жылдан таныстым. Содан бастап мені айтысқа баулыды, басқа да шығармалар жазуға көмектесті. Ол аудандық газеттің тілшісі болды, мен мұғалім болдым .
Қанша Райысова - ақынның шәкірті. Ұстанымы нық ұстаздан тәлім алған ол ақындар мектебін ашып, өскелең ұрпақтың бойына өлең нәрін сіңіріп жүр. Анығы, Қалихандай қара нардың жыр құрастыру тәсілін өзгелерге үйретеді.
Қанша Райысова, Талдықорған қаласындағы ақындар мектебінің жетекшісі:
Ол бізге әке ретінде, ақылшы ретінде, қарсылас ретінде - өте ғажап адам. Ол кісі туралы көп айтуға болады. Кішкене ғана ауылдың, ауданның аясына сыймайтын адам. Ол кісімен бүкіл қазақ мақтану керек.
Ақынның замандастары мен шәкірттері, айтыскердің жыр-шумақтары көптеген жинақтарға енгендігін айтады. Ал оның сөзіне жазылған әндер мен кейбір айтыс үзінділері өзбек, қырғыз, орыс тілдеріне аударылған. Кезінде ақынның сөз тапқырлығына тәнті болған қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов Қалиханның жыр жолдарын жоғары бағалап, ерекше ықылас білдірген көрінеді.
Қалбай Алтынбаев, Қалихан Алтынбаевтың ұлы:
Қалихан
Алтынбаев осы Жарма өңірінде туып, өсіп ақындық дарыны осы жерде қалыптасты.
Бұл кісі Жарма ауданында 37 жыл өмір сүрді. Көкпекті ауданында 37 жыл өмір
сүрді. Көкпекті ауданы мен Жарма ауданының ортақ тұлғасы.
Ақынға
арналған жыр сайыста он екі дүлдүл айтысты. Бас жүлде 1,5 миллион теңгені
Алматыдан келген Хазрет Бердіхан қанжығасына байлап кетті. Бірінші орынның бір
миллион теңгесі керекулік Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Мерекелік шара ұлттық
ойындар мен аламан бәйгегеге ұласты.
Заңғар
САНАЙ