Ақмола облысының шаруа қожалықтары еккен көкөністерін жинай бастады. Шаруалар «Қазсушардың» жергілікті филиалына суармалы суды уақытылы және үздіксіз бергені үшін алғыс білдіріп жатыр.
«Қосшы қаласында 20 гектар алқапта көкөніс өсірумен айналысамын. Қызанақ, қияр, қырыққабат, бұрыш, баклажан, асқабақ өсіремін. «Қазсушардың» жергілікті филиалы бізді сумен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Сол үшін оларға алғыс айтқым келеді. Соның арқасында жақсы өнім алып жатырмыз. Енді оны Астана базарларында сатамыз», - деді диқан Әлібек Мештаев.
Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК Ақмола филиалы диқандармен суармалы су беру бойынша 39 келісімшарт жасасты. Фермерлерге берілген судың жалпы көлемі 4,65 млн текше метрден асады.
Аймақта дәнді дақылдар, көкөністер, бау-бақша, жидек дақылдары, көпжылдық шөптер, картоп, жүгері, көшеттер мен бұталар өсіріледі. Облыстағы тұрақты сумен жабдықтаудың негізгі көздері – Шағалалы су қоймасы және «Нұра-Есіл» магистральдық каналы.