$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Сирек кездесетін көне күміс тиындар табылды

AstanaTV
25.07.2025ж. 08:16
136
Сирек кездесетін көне күміс тиындар табылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары орта ғасырлық көне күміс тиындарды тапты. Археологиялық қазба Атырау қаласы маңындағы «Ақтөбе-Лаэти» қалашығына жүргізілген.

Көне тиын Жошы Ұлысында құрылған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Меңгу-Темір хан тұсында құйылған ақшалар тобына жатады. Ресейлік нумизматика профессоры монетаның бедерлі таңбаларын оқып, құндылығын аса жоғары бағалаған.

«Бұл тиындар белгілі нумизматик ғалым Павел Николаевич Петровтың пайымдауынша ХІІІ ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді. Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Оның себебі Шыңғысханнан тараған Құбылай ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасында қақтығыстарда қолға түскен саяси тұтқын Номуханмен байланыстырады», – дейді археолог Амангелді Мұғауұлы. Сонымен қатар археолог қазбадан тағы көрнекті артефакт «Тағара» ыдысы да бүтін күйінде табылғанын айтады. 

Биыл тарихи қалашықты қазуға Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығы тапсырыс берген. «Соңғы екі-үш жылдықта бұл жерге ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалды. Болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыруды жоспарлап отырмыз», – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев.

Археологиялық зерттеуге Атырау университетінің тарихшы мамандығында оқитын студенттер де қатысқан. Бүгінде көне қалашықтың 500 шаршы метр аумағынан аршып алған артефактілер оқу ордасының зертханасында терең зерттеледі деп жоспарланып отыр.