«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық қозғалысқа және қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Үкімет басшысы Халықаралық экологиялық конференцияда осылай деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Табиғатқа, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл бастама аясында табиғи аумақтарды, су қоймаларының жағалауларын тазарту және ағаш отырғызу бойынша экоакциялар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Экологиялық қауіпсіздік бұл – халықаралық жиындарда айтылатын күн тәртібі ғана емес, бұл – әр елдің дамуына әсер ететін маңызды тақырып. Табиғи байлықта сақтау, таза ауа және сумен қамтамасыз ету болашаққа жасалған маңызды қадам. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» жобасы жүзеге асырылды.
Су тақырыбына қатысты сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов Каспий теңізі мен Арал маңындағы жағдайға назар аударды. Қазір Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарады. Елімізде оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нақтырақ айтсақ, Көкарал бөгеті нығайтылып, Сырдария сағасы қайта қалпына келтірілуде.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
2000-шы жылдардың басынан бері Каспий теңізі деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Осы және өзге де проблемаларды зерттеу үшін Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды. Ғалымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Осынау бірегей су айдынын сақтап қалу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттерінің батыл үйлестірілген іс-қимылы қажет.