$544.87 €639.02 ₽6.88
×

Экс-әкімнің отбасынан 821 жылжымайтын мүлік нысаны тәркіленді

AstanaTV
26.07.2025ж. 22:33
148
Экс-әкімнің отбасынан 821 жылжымайтын мүлік нысаны тәркіленді

Владивосток қаласының бұрынғы мэрі Владимир Николаевтың отбасына тиесілі 821 жылжымайтын мүлік нысаны Ресей Федерациясының меншігіне өтті. Бұл туралы ТАСС агенттігі Приморье өлкесінің сот жүйесінің Біріккен баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Telegram-арнада жарияланған мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 25 шілдеде Владивосток қаласы Ленин аудандық соты Ресей Бас прокуроры орынбасарының Владимир Николаевқа, Римма Николаеваға, Виктория Николаеваға және Елена Забелинаға қарсы талап-арызы бойынша шешім шығарған.

— Жылжымайтын мүлік нысандарының федералдық меншікке өтуі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған талаптар мен тыйымдарды бұза отырып алынған мүлік ретінде танылды. Барлығы 821 нысан мемлекет кірісіне аударылды, – делінген хабарламада.
Олардың қатарында «Амурский залив» шипажайының мүліктік кешені, «Магнум» апарт-отелі және 12 жер телімі бар. Баспасөз қызметі сот шешімінің жылжымайтын мүлікті мемлекет меншігіне беру бөлігінің дереу орындалуға жататынын атап өтті.

Сондай-ақ экс-мэрдің отбасынан 590 миллион рубльден астам (шамамен 4 млрд теңге) қаражат өндірілді.

Владимир Николаев 2004–2008 жылдар аралығында Владивосток қаласының әкімдігін басқарған. Кейін бұл қызметті Игорь Пушкарев иеленді. Николаев қалада бірнеше компанияға иелік еткен.

2007 жылғы 27 ақпанда Приморье прокуратурасы оған қатысты қызмет бабын асыра пайдалану және өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу деректеріне сәйкес, шенеунік жеке күзетін және қызметтік көлігін полицияның ілесіп жүру қызметін қалалық бюджет есебінен заңсыз қаржыландырған.

Сонымен қатар төрт жер телімін жеке тұлғаларға заңсыз бергені үшін айыпталған. Бұдан келген залал шамамен 17 млн рубльді (117 млн теңге) құраған.

2007 жылғы 24 желтоқсанда Ленин аудандық соты Владимир Николаевты 4,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Үкім 2008 жылғы 20 ақпанда күшіне енді.