$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қызылжардың түнгі клубында бір топ жігіт атысып, салдарынан біреуі аяғынан айырылды

AstanaTV
31.07.2017ж. 20:00
3023
Қызылжардың түнгі клубында бір топ жігіт атысып, салдарынан біреуі аяғынан айырылды

Қызылжардың атышулы түнгі клубында бір жыл өтпей тағы бір қанды қырғын болды. 19 жасар азаматпен келіспей қалған бір топ жігіт оны соққыға жығып, қарумен оқ жаудыртқан. Салдарынан жасөспірім сол аяғынан айырылды. Тәртіп сақшылары 3 күдіктіні құрықтады. Алайда, төбелеске себепкер болған азамат жайлы ақпарат әзірге жарияланбай отыр.

Айта кету керек, өткен жылдың қазан айында дәл осы демалыс орнында баскетболшы Игорь Нанаев аяусыз соққыға жығылып, артынша қайтыс болды. Бұл жолғы даудың мән-жайын тілші әңгімелейді.

Петропавлдың қақ ортасында тұрған түнгі клубта араға 8 ай салып қайтадан қанды оқиға қайталанды. Әдеттегідей алдымен сөзге келіп қалады. Кейін далаға шығып, бір топ жігіт Ербол Хамитовке жабылған. Төбелесіп қана қоймай, тапаншамен оқ атқан. Оқиға орнында шашыраған қанның іздері әлі де жатыр.

Ербол Хамитов, жапа шегуші:

Мен клубтың кіреберісінде тұрғанмын. Екі жігіт келіп тиісті. Сосын шетке қарай шақырды. Сәлден соң біреу соққы жасады. Кейін тапаншамен атқылады. Әрімен қарай не болғаны есімде жоқ.

Тараптар келесі күні қайта кездесіп, тапа тал түсте атыс шығарған. Бірақ бұл жолы тапаншамен емес, шолақ мылтықпен атысқан. Аяғын жаралаған Ербол Хамитов бірден қалалық ауруханаға түсті. Жарақаттың ауыр болғаны сонша, жаспірімнің аяғын сақтап қалуға мүмкіндік болмады, дейді дәрігерлер.

Галина Мәметова, қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері:

Қазір науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Оның тізесіне оқ тиді. Қанды көп жоғалтқан. Сондықтан аяғын санына дейін кесуге тура келді. Сонымен қатар қолы мен басында да жаралар бар. Қазір науқас палатаға жатқызылды.

Көп ұзамай атысқандардың барлығы қолға түсті. Ізінше ішкі істер департменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастап кетті. Алайда, күдіктілердің есімдері әзірге жарияланбай отыр.

Мадина Балғашоқова, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

ҚР қылмыстық кодексінің 293-бабының үшінші бөлімі және 99-бабының екінші бөліміне сәйкес сотқа дейін тергеу жұмыстары басталды. Облыс орталығының 3 азаматы құрықталып, уақытша ұстау абақтысына тоғытылды. Бұл іс полицейлер мен прокурорлардың жіті бақылауында тұр.

Алайда, зардап шеккен жігіттің анасы кінәлі азамат бой тасалап жүр, дейді. Демек, атысқа 3 жігіт емес, төртіншісі де қатысқан көрінеді.

Ғалия Алпысбаева, зардап шегушінің анасы:

Баламды атқан жігіт ізін суытты дейді. Алысқа бармайды деп сенемін. Ол өз ісіне жауап беруі керек. Байдың баласы деп айтады. Осыған дейін басқа да келеңсіз жағдайлардан жалтарып кетті деп естігем. Бірақ, біз соңына дейін барамыз.

Тексеріс жұмыстарының қашанға дейін созылатыны әзірге белгісіз. Тергеуде зардап шегушінің жолдастары да атсалыспақ. Ал Ерболдың өзі бір аптадан кейін ауруханадан шығаралуы мүмкін.