$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы бас жоспары қала ішіндегі аудандарды дамытуды көздейді

AstanaTV
08.08.2017ж. 20:00
4293
Алматы бас жоспары қала ішіндегі аудандарды дамытуды көздейді

Алматы қаласының шекарасы енді ұлғайтылмайды. 2030 жылға дейінгі мегаполис бас жоспары қала ішіндегі аудандарды дамытуды көздейді. Құжатта халық наразылығын тудырған қақпасыз қала бағдарламасы да бар. Ал бұдан былай бірқатар көшедегі көлік қозғалысы тоқтатылып, жаяу жүргіншілер алаңына айналмақ.

Олжас Нұржақып, тілші:

Жаңа бас жоспардағы жобаның бірі - Панфилов көшесін көлік қозғалысынан босату. Қабанбай батыр көшесі мен Жібек жолы көшесі аралығын жалғаған жол енді тек жаяу жүргіншілерге арналады. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Мұнда тек балалар алаңы, демалыс орындары мен веложолдар болады.

Өйткені құжатта экологиялық ахуалға басымдық береді. Бас жоспар 2,4 миллион тұрғынға есептелген. Сондықтан қала шекарасы ұлғайтылмайды. Керісінше, қала маңындағы инфрақұрылым жетілдірілмек.

Алтай Сатыбалдин, Алматы қаласы бас жоспары өзгерістерінің директоры:

Жаңа бас жоспардағы басты міндет - сырттағы агломерацияның жаңғыруына жағдай жасау. Қала деңгейімен бірдей дамыса, сырттағы адамдарға мегаполиске ағылудың қажеті болмайды. Мұнан бөлек, Алматы көшелерінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрындары көшелерді кеңітіп, көліктің жүруіне жағдай жасадық. Енді адамдарға ыңғайлылық тудыратын кез жетті.

Ыңғайлылық демекші, "Қақпасыз қала" бағдарламасы, қаладағы көптеген нысанды қоршаусыз қалдырды. Әсіресе, бұл бағдарламаға Қастеев мұражайы қатты наразылық танытқан еді. Себеп, аулаға қойылған авторлар еңбектеріне алаңдауы. Бірақ, заңның аты заң, бекітілген жоба оны елеген жоқ.

Нұржан Сатыбалды, Ә. Қастеев атындағы мұражай директорының орынбасары:

Амалсыз еңбектердің бір бөлігі мұражай ішіне көшірілді, енді бір бөлігі бақылау камерасы тұсына орналастырылды. Сонымен қатар, бұл еңбектердің бірқатарын авторлардың өзіне қайтарып жатырмыз. Ұрлап кетсе, сындырса, біз жауапты боламыз ғой. Бұл істер қауіпсіздік үшін.

Алмасхан Ахмеджанов, Алматы қалалық сәулет және құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Қоршаулар, негізінде, қазір керек емес. Барлық жерге камералар енгізіп жатырмыз. Сенімділік системаларын жасаудамыз. Ақырындап қаламыз, Ай-Ти технологияға өтеді. Сол себепті қоршаулар керек емес. Бұрын қауіпсіздік жоқ кезде керек болған.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктер жолына да жаңашылдық енгізілмек. Ол үшін арнайы жүрдек автобустар желісі салынады. БРТ жолына ұзын автобустар пайдаланылады, - деді әкімдік өкілдері. Мегаполисті дамыту-2020 бағдарламасына енген жоба әзірге тек қағаз жүзінде.

Жасыл желек - экологиялық ахуалды жақсартудың негізгі көзі. Бірақ қаладағы бір адамға  4 шаршы метр жасыл желек келеді екен. Әрине, бұл өте аз. Сол себепті, жаңа бас жоспарда бұл көрсеткішті 13 шаршы метрге дейін ұлғайту қарастырылған.

Олжас НҰРЖАҚЫП