$542.03 €627.29 ₽6.66
×

Жыл басынан бері 4 мың азамат арнаулы әлеуметтік төлем алды

29.07.2025ж. 12:29
85
Жыл басынан бері 4 мың азамат арнаулы әлеуметтік төлем алды
Фото: gov.kz

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 3 916 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Astana TV

Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 313 адам жүгінді, оның ішінде 309 адамға тағайындалды.

Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 3 655 адам өтініш білдіріп, оның 3 607-іне тағайындалған.

Сондай-ақ, 56 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 34 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 18 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.

Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды ​​(2 көзден – 43 адам, 4 көзден – 496 адам), Шығыс Қазақстан (2 көзден – 32 адам, ал 4 көзден – 356 адам) және Қостанай (2 көзден – 9 адам, ал 4 көзден – 297 адам) облыстарында тіркелген.

Бұрын хабарланғандай 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.

Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.