Шығыс Қазақстан облысында Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң аясында 18 адам түрмеден босап шықты, деп хабарлайды Astana TV.
Облыс бойынша рақымшылыққа ілінгендердің бірі — есірткіге қатысты қылмыс жасағаны үшін сотталған 72 жастағы қария. Ол сот залында көзіне жас алды. Зейнеткер колонияда 7 ай отырған, ал бостандыққа 2026 жылға қарай шығуы керек болатын.
Бауырымды көп уақыт көрмедім. Енді ол менің қасымда. Қуанышымызда шек жоқ, — деді рақымшылық алған азаматтың қарындасы.
Шығыс Қазақстан облысында Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықтың арқасында қазір 18 адам бостандыққа шықты.
Жалпы өңірде 405 сотталған адам рақымшылыққа ілікті. Оның ішінде 44 адам толықтай босатылса, ал 361 адамның жаза мерзімі қысқартылады. Соттарға 234 материал жіберіліп, оның 31-і қаралды.
Рақымшылық — бұл жай ғана құқықтық процедура емес. Бұл мемлекет тарапынан жасалған гуманизм актісі, кезінде қателескен адамдарға түзелуге нақты мүмкіндік беру. Біз адамдардың қалай өзгеріп жатқанын, олардың осы екінші мүмкіндікті қалай бағалайтынын көріп отырмыз, — дейді ШҚО ҚАЖД бастығының орынбасары, әділет полковнигі Тілеуберген Көнекбаев.