$542.03 €627.29 ₽6.66
×

"Дәрігер уақытында қарағанда, балам аман қалар ма еді...", - тұрғын

29.07.2025ж. 19:30
67
"Дәрігер уақытында қарағанда, балам аман қалар ма еді...", - тұрғын

Астанадағы ауруханада жүкті әйел баласынан айырылды. Куәгер Айсұлу Алпыспаеваның айтуынша, қан кетіп, қатты ауырсынғанына қарамастан, әйел жатқан палатаға бір жарым сағат бойы ешқандай медицина қызметкері кірмеген. Мейірбике дәрігердің нұсқауынсыз еш әрекет жасай алмайтынын айтып, көмектесуден бас тартқан, тіпті, "Жұмыстан кетсем – кете салам" деп жауап берген.

АЙСҰЛУ АЛПЫСБАЕВА, КУӘГЕР:

Қыз бүгіліп жылап жатты. Мен мейірбикеге жалынып, дәрігерді шақыртуды талап еттім. Министрлікке, жедел жәрдемге, колл-орталыққа да қоңырау шалдым. Тек жедел желі жауап беріп, шағым түсіруді ұсынды. Дәрігер тек 1 сағат 45 минуттан кейін келді.

Ал, баласынан айырылған ана, сәбиім аман қалар ма еді деп қынжылады.

ДИАНА ГУМАРОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сағат 11-де ішім мен белім қатты ауырып бастады. Дәрігерден сұрасам, "бұл қалыпты" деді. Ауырсыну күшейе берді. Сағат 4-те мүлдем шыдатпай қалды. Медбикеге бірнеше рет айттым, бірақ "дәрігер кейін келеді" деп соза берді. Қан кетіп жатқанын көріп, жанымдағы апай да дәрігерді шақыртпақ болды — нәтиже болмады.  Қарап, "жылай бермеңіз, бала түсіп қалған, наркозбен тазалау керек" деді.Мен уақтылы көмек сұрадым. Бірақ мені ешкім тыңдамады.

Аурухана қызметкерлері куәгер жағдайды асыра сілтеп жеткізгенін айтып отыр. Емделу кезінде бөлімде жекелей бақылау мен күтімді қажет ететін 40 пациент болған дейді.

ИЗАТ БҰЙРАБЕКОВ, №2 КӨПСАЛАЛЫ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жүктілікті сақтап қалғымыз келді, бірақ, өкінішке қарай, кейде әйел ағзасы емге бірдей жауап бере бермейді. Бұл жағдайда түсік процесі жүріп жатты. Кейде түрлі себептерге байланысты әйел ағзасы жүктіліктен өзі бас тартады. Айта кетейік,  6-7 аптадағы эмбрионның көлемі небәрі 3-6 мм болады, ол кезде ішкі ағзалар әлі қалыптаса бастайды.