$546.36 €630.44 ₽6.7
×

Қазақстан мезгілсіз өлім-жітімді азайту бойынша тоғыз елдің қатарына қосылды

30.07.2025ж. 12:03
107
Қазақстан мезгілсіз өлім-жітімді азайту бойынша тоғыз елдің қатарына қосылды

Қазақстан 2025 жылға дейінгі жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді 25%-ға азайту бойынша Ғаламдық мониторинг жүйесінің мақсаттарына қол жеткізген ДДСҰ Еуропалық өңіріндегі тоғыз елдің қатарына қосылды. Осылайша, Қазақстан бұл маңызды көрсеткішке қол жеткізген Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. Бұл туралы ДДСҰ баяндамасында айтылды, деп жазды БҰҰ ресми сайты.
«Жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітімнің алдын алу, қауіп факторлары және күрес стратегиялары» баяндамасында Қазақстанның жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісікпен күрес саласындағы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда қолданған тәжірибесі мен шаралары қарастырылған. Аурулардың алдын алуға, ерте анықтауға, емдеуді жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан өңір елдеріне үлгі болып отыр.


— ДДСҰ Қазақстанмен ЖЕА-дан болатын өлімнің негізгі себептерін жою бағытында ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ел инфаркт пен инсультті емдеу бойынша ұлттық орталықтар құруға инвестиция салып, темекі тұтынуға қарсы күрес пен қантты сусындар тұтынуды қысқарту шараларын қабылдады. Бұл шаралар халық денсаулығына оң әсерін беріп жатыр, — деді ДДСҰ Еуропалық бюросының денсаулықты нығайту және алдын алу бөлімінің директоры доктор Гундо Вайлер.


— Ерте диагностика, уақтылы медициналық көмек және науқастарды қолдау — Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы басты басымдықтары. Бұл халық денсаулығы көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда тұз тұтынуды азайту, балаларға бағытталған зиянды тағамдарды жарнамалауға шектеу қою, емшек сүтіне алмастырғыштар мен трансмайларға қатысты стандарттар толық енгізілмеген. Үкімет осы бағыттарды күшейтіп, ЖЕА-мен күрес саясатын жетілдіруді жоспарлап отыр», —деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтангазиев.