«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Қарғалы және Хромтау аудандарындағы тас жолдарды жөндеу барысын қадағалады. Тексеру кезінде жұмыс сапасы және тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы назарға алынды.
Қарғалы ауданындағы Донское–Бадамша–Қайрақты бағытындағы жолдың бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан орталығының шекарасынан бастап 600 метр жолға асфальт төселіп, қиыршық тас пен цемент қоспасымен нығыздау жұмыстары аяқталған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Өтегеновтің айтуынша, ауыр жүк көліктері жиі қатынайтын бұл жолға екі қабат асфальт төселген. Жөндеу жұмыстары 15 тамызға дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар Хромтау ауданындағы «Қопа–Құдықсай» бағытындағы 14 шақырым жолында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Нұрлы жол-7» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта мердігер ұйым жол бөлігінде тегістеу және дайындық жұмыстарын қолға алған.
Партиялық бақылау аясында комиссия мүшелері Қайрақты ауылындағы жөндеуден өткен саябақты да аралады. Бұған дейін анықталған кемшіліктер жойылып, нысан толығымен қалыпқа келтірілген.
«Ауыл тұрғындарының тынығып, серуендейтін жайлы орны болуы маңызды. Сондықтан бұл саябаққа қатысты барлық сын ескеріліп, тиісті жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта бұл жер жергілікті жұрт үшін сүйікті демалыс орнына айналады деп сенеміз», – деді партияның Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова.
«AMANAT» партиясы өңірлердегі инфрақұрылым жобаларының сапасы мен уақытында орындалуын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.