Ішкі істер министрлігі танымал интернет-ресурстарда қонақүй нөмірлері мен пәтерлерді брондау кезінде жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті.
- Пәтерлерді интернет арқылы брондау кезінде пайдаланушыларға банк картасының деректерін сұрататын хабарламалар келеді. Алайда бұл деректер жеке кабинетте бар және қайта енгізуді талап етпейді, -деп жазды ведомстводан.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды басқа қалаға немесе елге демалысқа, сондай-ақ іссапарға шыққанда аса мұқият болуға шақырады.
Алаяқтарға алданбас үшін мынадай шараларды ұстану қажет:
* сайттың мекенжайын тексеріңіз: фишингтік сайттарда домен атауында ұсақ өзгерістер болуы мүмкін (мысалы, бір әріптің қосылуы немесе соңғы жағындағы өзгерістер;
* банк картаңыздың деректерін пәтер иесімен чатта бөліспеңіз;
* тым төмен бағадағы ұсыныстарға күмәнмен қараңыз — бұл алдаудың белгісі болуы мүмкін; • пәтерді немесе қонақүй нөмірін жалдамас бұрын пікірлерді оқып шығыңыз, олардың жарияланған уақытын және жарнаманың сайтта қанша уақыттан бері тұрғанын тексеріңіз, бірнеше жылдан бері жарнамаланып келе жатқан пәтерлер — сенімділіктің бір белгісі;
* пәтер иесі толық алдын ала төлем жасауды талап еткен жағдайда абай болыңыз, қонақүй нөмірі мен пәтерге төлемді тек сол жерге барып, олардың бар екеніне көз жеткізгеннен кейін жасаңыз;
* күдікті хабарламалардан сақ болыңыз: мессенджерлерде, электрондық поштада немесе әлеуметтік желілерде жіберілген сілтемелер жалған сайттарға апаруы мүмкін;
* пәтерді немесе қонақүй нөмірін тек танымал және сенімді платформалардан брондаңыз: егер сайт күмән тудырса, тәуекелге бармаған дұрыс.