Таразда тұрмысы төмен отбасы балаларына көмек көрсету үшін 400 млн теңгеден аса қаржы бөлінбек. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы «Нұр Отанның» Тараз қалалық филиалында өткен БАҚ брифингінде айтты. Жиында белгілі болғандай, республикалық «Балаларды мектепке даярлаймыз» атты қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтпек.
Қазір қала бойынша 108 білім мекемесі бар. Оның ішінде жалпы білім беретін 59 мектеп, 1 кешкі мектеп, 44 балабақша, 3 қосымша білім беру ұйымы мен 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Білім бөлімінің басшы жаңа оқу жылындағы жалпы оқушы санын да айтып өтті. Биыл болжам бойынша барлығы 66 915 оқушы болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2852 оқушыға, яғни 130 сыныпқа өскен. Ал, 1-ші сыныпқа баратын оқушы саны 310 балаға артады деп күтіліп отыр. Осы орайда, түрлі тұрмыстық қиындықтарға тап болған отбасы оқушылары назардан тыс қалмайды.
Мүбарак Жинақбаева, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы:
98 млн теңге қаржыға балаларды киіндіріп отырмыз бюджеттен. Сонымен қатар, 9832 бала 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оған 289 млн теңге. Жетім балалар саны бізде 113. Ал 458 балаға қамқоршылық тағайындалған. Және патронаттық тәрбиеге берілген 82 баламыз бар. Көп балалы отбасының балалары 9 832 болып отыр.
Былтыр «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында партияның Тараз қалалық филиалы ауқымды жұмыстар атқарды. Акциядан бөлек, олар өз қаражаттарымен де қол ұшын созған. Оқушыға қажет заттарды әперу үшін партиялықтар бір баллаға 30 мың теңге жұмсапты. «Биыл да бұл көрсеткіш көлемін демеушілер тауып өсіреміз» дейді нұротандықтар.
Арын Асқарбеков, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
«Балаларды мектепке даярлаймыз» атты акциясына бүгін бастау берілді. Өткен жылғы акцияда өз деңгейінде жүргізілген болатын қалалық филиалмен бірге. 150-ден астам жанұяға осындай көмек көрсетіліп, олардың балаларына мектепке баруға керекті құрал-жабдықтар мен киімдеріне көмек берілген болатын.