Қызылорда облысында 27-29 шілде аралығында өткен «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы хабарлағандай, осы 3 күнде 493 әртүрлі әкімшілік хаттама рәсімделсе, кәмелетке толмаған 22 қызылордалық ішкі істер органдарының есебіне алынды. Қадағалаусыз және панасыз қалған 11 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды.
-Бала тәрбиесіндегі міндетін орындамаған 34 ата-анаға хаттама толтырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол берудің 11, ортақ пайдалану орындарын ластаудың 9, бұзақылық жасаудың 2 дерегі анықталып, жасөспірімдердің заңды өкілдеріне хаттама толтырылды. Ал қоғамдық орындарда масаң күйде болған 18 жасқа толмаған екеудің заңды өкілдеріне айыппұл салынды, - деді басқарма бастығы Ердәулет Жаукеев.
Сондай-ақ 435 жасөспірімнің заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз қоғамдық орындарда беймезгіл жүргені анықталды.