Биыл елімізде суару кезеңі басталғалы ауыл шаруашылығының қажетіне 8 млрд текше метрден астам су пайдаланылды. Оның шамамен 7,7 млрд текше метрі оңтүстіктегі бес өңірге тиесілі. Қазір Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында 793 мың гектардан астам жер суарылды. Бүгінде диқандарға су кезекпен беріліп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков айтты. Аяқ су шектеулі болғандықтан, суды бөлу кезінде ең алдымен магистральдық каналдардың төменгі бөлігінде орналасқан шаруа қожалықтарына басымдық берілуде. Суармалы суды әділ бөлу үшін шілде айының басынан бері министрлік өкілдерімен рейд ұйымдастырылуда. Олар «Қазсушар» мекемесімен бірігіп тәулік бойы вегетация кезеңін бақылауға алған.
НҰРМҰХАММЕД НИЯЗБЕКОВ ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде суармалы судың әділ бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік 4 жұмыс тобын құрды. Бұл топтар каналдар мен басқа да су нысандарын тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Суармалы суды пайдалану ережелері қабылданды. Жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтілді.