Биыл данышпан-ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және саяси қайраткер Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады (1845 - 1904).
Абай – дана, Абай – дара!
Ақын қазақ халқының болмысын шынайы көрсеткен шығармалары адал еңбек, таза жүрек, қажымас қайрат, даналық, ақыл сияқты тақырыптарға негізделген. Ұлтты тоздыратын нәрсе – өтірік, ұрлық, тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық. Абай айтқан ұрлық, өтірік ол бүгіндегі – алаяқтық, жемқорлық пен көзбояушылық.
Адалдық ол – тазалық, сенім, парасат, ынсап, ар, ұят, есеп, жауапкершілік. Жамандыққа күйзеліп, адалдық сөзінің мәнін ашатын ұғымдардың барлығы дерлік Абайдың шығармаларынан орын алған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай туралы «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет».-деді.
Халқын сүйіп, күңіреніп өткен Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос»-деген сөзі ұлттық идеологияның өзегі.
Бойында Абай жазған қасиеті бар адам ғана, ұлтына, еліне, дініне, діліне, қоғамға, өзіне адал қызмет жасай алады.
Елімізде 1–20 тамыз аралығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған кең ауқымды мерекелік іс-шаралар барысында ақын шығармашылығы ұлықталып қана қоймай, бай мұрасы әр бірімізге ой салары сөзсіз.