$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Енді қайырымдылық қорлары халыққа есеп беруге міндетті

01.08.2025ж. 19:30
77
Енді қайырымдылық қорлары халыққа есеп беруге міндетті

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу – қанымызда бар қасиет. Бірақ соңғы кездері біреуге қол ұшын созуға да сескеніп қалдық. «Сенген қойым сен болсаңның...» кейіпі көбейді. Мұқтаждарға деп жиналған ақшаға қол сұғып, 10 жылға сотталған Перизат Қайрат пен ауру баласын пайдаланып, жұрттан теңге жинаған ерлі-зайыпты осының көрінісі.

БЛИЦ:

- Қазір енді сеніміміз азырақ болып тұр. + Қорқып қалдық. Енді ойланамыз. Міне, қазір блогерлер ма, волонтерлер ме автобуста жүреді. Білмейсің, шын ба, өтірік па?

- Фондтың да жақсысы бар, жаманы бар. Расы бар, рас емесі бар. Кейбір фондтар болады. «Жүріңіз, апарып көрсетеміз» дейді. Олармен барсаң шынымен беріп жатады.

Соңғы кездері блогерден бастап, вайнері бар, әртісі бар, бәрі жаппай қайырымдылықпен айналсатын болған. Қор ашу екінің бірі айналысатын іске айналды. Бірақ көбі «сбор» деп жинаған теңгенің есебін көрсетпейді. Бұл көрініс - алғанша жаным дейді, алғаннан кейін жаныңды жейді деген сөзге дәлме дәл. Ең өкініштісі, беттің арын белге байлағандардың мұндай әрекеті елдегі шын мұқтаждарға сенетіндер санын азайтып жатыр.

ҒАЛЫМЖАН ЕСҚАРАҰЛЫ, БЕЛСЕНДІ:

Біз адамның құнын өте төмен деңгейге түсіріп отырмыз да бұл арқылы. Мен басқа мемлекеттерден мұндай нәрсені естімеппін. Ал, Қазақстанда бұндай жағдайдың орын алуы қазақ халқы үшін өте ұят нәрсе деп санаймын.

Бәрі бірдей «жеп» жатыр деуге негіз жоқ. Ел-жұрттың басын біріктіріп, өзгенің қуанышына сеп боп жатқандар жоқ емес. Мәселен, астаналық Сәулегүл Түленоваға белгілі бір қор жақында ғана 2 бөлмелі пәтерді сыйға тартқан.

СӘУЛЕГҮЛ ТҮЛЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

5 балалы анамын. Үй берді. Мен өте қуаныштымын. Мен сенемін бәріне. Өзім де беріп жүремін, төлеп жүремін.

Екінің бірі қор ашатын заманда олардың есеп-қисабын «кім тексереді осы?» деген сұрақ туады. Заң бойынша, ресми тіркелген қайырымдылық қорлары 3 айда бір рет есеп беріп отыруға міндетті. Құжатта халықтан жинаған қаржының қалай жұмсалғанын, қандай мақсаттарға бағытталғанын көрсетуі керек. Бірақ біздікілер тіркеліп әуре болмайды. Елде боп жатқан қолайсыз жағдайға себеп – осы.

НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, АДВОКАТ:

Бізде қайырымдылық туралы заң 2015 жылы қабылданған. Сол заңның ішінде негізгі төрт бағыт көрсетілген. Ең бірінші қайырымдылық, содан кейін қайырымдылық ұйым, әр қарай демеуші туралы, соңғысы қайырымдылық бағдарлама.

Енді Қазақстандағы барлық қайырымдылық қорлары БАҚ арқылы есеп беруге міндеттеледі. Қазір «Қайырымдылық туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Біріншіден, азаматтарды қайырымдылық көмек көрсетуге ынталандыру көзделіп отыр. Екінші мәселе, жариялылық пен есептілік қамтамасыз ету.

Жер шарындағы адамдардың орта есеппен 64%-ы қайырымдылықпен айналысады. Табысының басым бөлігін өзгеге қол ұшын созуға жұмсайтын мемлекет — Нигерия. Ал рейтингтің ең төменгі сатысында Жапония тұр. Қазақстан бұл тізімде 30-орында. ТМД елдерін басып озған.