Әлемдік мегажұлдыз Дженнифер Лопес Астанаға келеді дегеннен ел шулаған. Билеттің де бағасы арзанға түспейтінін әу бастан бәрі білді. Құны 40 пен 150 мың теңгенің аралығында болды. Бірақ алып-сатарлар қарап қалсын ба? Әлеуметтік желіде 500 мың теңгеге дейін бағалап, сатқанын көрдік. Сатылымға 25 мың билет шығарылған. Ұйымдастырушылар, оның 15 мыңын шетелдіктер алды деп отыр.
МӘЛІК ХАСЕНОВ, «АСТАНА КОНЦЕРТ» ПРОДЮСЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз концертке 15 мыңнан астам турист келеді деп болжап отырмыз. Бұл елеулі экономикалық әсер береді. Қонақ үй, ресторан және қоғамдық тамақтану саласына шамамен 6,5 млрд теңге көлемінде кіріс түседі деп күтілуде. Ал салық түсімдері 400 млн теңгеден асады.
Қош, сонымен кеше түнделетіп Дженнифер Лопес Астанаға келді. «Алау» мұз сарайы мен «Сарыарқа» велотрегі жанында жол қозғалысы шектелді. Бұл шешім кеш қонақтарының қауіпсіздігі мен еркін жүріп тұруы үшін қабылданған. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін полицейлер де жұмылдырылған. Саперлар мен кинологтар бірнеше күннен бері тексеріс жүргізіп, қауіпсіздікті күйшейтті.
САМАТ ТАЛҒАТҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Іс-шара өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ішкі Істер органдарынан 1300-ге жуық қызметкер жұмылдырылады.
Концерт жарты сағат бұрын басталды. Көрермендерді аренаға ұйымдастырушылар 16-30-дан бастап кіргізді. Қалталарын жұқартып, әлемдік жұлдызды көруге келгендер қызықтан құр қалмасын деген мақсатпен. Тіпті Астана-Аренаға 5 бағыттан автобустар қатынауда. Олар Астана циркі мен «Хазрет Сұлтан» мешітінен, «QAZAQSTAN» спорт кешені мен Орталық саябақтан және «Бас мешіт» тұрақтарынан жүруде. Бірақ кептеліскен кешіккендер аз емес. Олар әлеуметтік желігі жарысып салып жатыр.