$498.34 €519.72 ₽4.85
×

33 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегін күтіп отыр

AstanaTV
31.07.2017ж. 20:00
3867
33 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегін күтіп отыр

Астанада балабақша кезегінің саны өсіп кетті. Қазір 33 мыңнан астам бүлдіршін кезекте тұр. Соңғы кезде қалада мемлекеттік балабақшадан гөрі жеке бақшалардың саны артқан. 2 жылдан соң астаналық бүлдіршіндер мектепке дейінгі ұйымдарға 100 пайыз орналастырылмақ. Балабақша тапшылығын жою жоспары қандай? Ал Астанада балалар саны неге артты? Диана Сапарқызы білді.

Астанада балалар санының өсуіне екі себеп бар дейді мамандар. Ол дүниеге келетін сәбилердің артуы, көшіп келетіндер тағы бар. Олардың барлығын балабақшамен қамту үшін мемлекеттік тапсырыспен жеке балабақшалар ашылды. Қазір олардың саны мемлекеттік балабақшадан асып түсті.

Ануар Жангозин, Астана қ. білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Бұрын мемлкеттік тапсырыс 16 мың болды. Бірақ былтырғы жылдан бастап осы мемлкеттік тапсырыстың көлемін 16 мыңнан 23 мыңға дейін көтердік. Осылайша ата-аналардың төлемі 20800 теңге азайтты.

Гүлжазира Мыңбаева 4 жасар сәбиін мемлекеттен қолдау тапқан осы жекеменшік балақшаға апарады. Бірақ ай сайын 20 800 емес, 30 мың төлейтінін айтады. Ол бассейн мен ағылшын тілі сабағына төлегендегі сома. Басқаларын қоспағанда оларға бару - міндет.

Гүлжазира Мыңбаева,  ата-ана:

Енді бала болған соң біреуі биге барады, біреуі  суретке барады. Мен де барам деп жылайды. Қиғылық салғаннан кейін ата-аналар амалсыз береді балаларын. Бір жағынан ыңғайлы уақыт тиімді, енді бір жағынан бір-бірінен қалмасын деп ата-аналар ақшасын төлейді.

Ал мемлекеттің қолдауымен балабақша ашқан Мадина Ажикенова ағылшын тілі мен бассейн бір айлық төлемақысына кіреді деп отыр. Ашылғанына екі жыл болған бақшада 70-ке жуық бала тәрбие алады. Кәсіпкер рұқсат құжаттарын көп күтетіні болмаса, мектепке дейінгі даярлық орталығын ашуда ешқандай кедергі жоқ дейді.

Мадина Ажикенова, жекеменшік балабақша басшысы, құрылтайшысы:

Мемлекет тарапынан біз тәрізді бала-бақша ашу үшін өте көп көңіл бөлініп жатыр. Өйткені рас айтқанда мемлкеттік бала-бақшаға кезектің келмеуі, орын жетпеуі ауқымды сұрақтардың бірі болып тұр ол рас. Үкімет бізге қазір қолдау жүргізіп жатыр.

Қазір елордадағы балабақшалар саны 212-ге жеткен. Оның 96-сы мемлекеттік балабақша. Ал 116-сы мемлекеттік тапсырыспен ашылған. Қазір Астанада 47 000 балабақшаға барады. Оның 27 000 мемлекеттік, қалған 20 мыңы жекеменшік бақшада. Ал 33 мың бүлдіршін өз кезегін күтіп отыр. Күніне 90 бала тіркеледі. Оның 70-і жаңа туған сәби болса, ал қалған 20-сы көші қонмен келгендер.

Диана Сапарқызы,  тілші:

Қазір балалардың 70 пайызы балабақшамен қамтылған деуге болады. Оны 2019 жылы 100 пайызға жеткізу мақсаты тұр. Оны орындау үшін мемлекеттік жекеменшік  әріптестікпен 6 балабақша салу көзделген. Инвестор бір балабақша құрылысына шамамен 1,2 миллиард теңге құюы керек. Кеткен қаражатты мемлекет 6 жыл ішінде өтейді. Қазірдің өзінде жобаға 30 шақты кәсіпкер қызығушылық танытқан.