Тұрғындардың 80 проценті құрылыс заттарын несиеге алады. Сатушылар бағаның қымбаттағанын мойындап отыр. Бірақ, сонда да алушы көп дейді.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Жөндеу жұмыстарын бастаймын деген әрбір тұрғын, дәл осы жерге келеді. Бірақ, баға көңіл көншітерлік емес. Мәселен аспашамдардың өзі он бес мың теңгеден басталды. Ал мамандардың айтуынша есіктер 40 пайызға дейін қымбаттаған.
- Ламинат сіздерде қанша теңге тұрады?
- Ламинат у нас от 4000 до 20.000 тенге.
- Ал толық жөндеуге кететін шығын, тіптен, шарықтап тұр. Баға неге қымбаттап жатыр?
Елімізде құрылыс материалдары нарығында импортқа тәуелділік азайып, отандық өндіріс артқан. Алайда, ол да бағаға тұсау болмай тұр. Тіпті, қарапайым жөндеу жұмыстарының өзіне миллиондаған қаржы кетеді.
БЛИЦ:
- Мен қазір ламинат таңдап жатырмын. Сапасы жақсы екеніне күмәнім жоқ, бірақ бағасы деген қымбат енді. Амал жоқ аламын.
- Качествоға да мән беремін, бағасына да мән беремін. Ақшаны енді, жарайды енді үстіне қосып берерсің, главное әйтеуір ұзақ тұруы үшін...
- Менің түсінгенім баға ешқашан арзандамайды, тек керісінше. Мен жөндеуді былтыр бастағым келген, осы жылы тіпті қымбаттап кетіпті. Сондықтан осы бағада ала салғаным артық, келесі жылы бұдан да асады ма деп отырмын.
Саудагерлердің айтуынша, баға доллар құнына қарай құбылады. Тауар негізінен Қытай мен Түркиядан келеді. Бағаның өскені кәсіпкерлерге де кері әсер етіп жатқан көрінеді. Тіпті кейбірі өз дүкендерін жауып, басқа салаға кеткен.
АРМАН ШЕКИМОВ, ҚҰРЫЛЫС ДҮКЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ашығын айтайын, қазір халықта ақша жоқ. Барлық затты несиеге алады. Баға өсті. Біз логистикаға бағыныштымыз. Доллар бағасына және шетелден келетін заттарды тасымалдауға да ақша қосылады. Әрине, бізде шығатын өнімдер жақсы, бірақ нарықта Қытай, Беларус өнімдері көшбастап тұр. Салыстырмалы түрде олардың сапасы жақсы. Міне, сондықтан шетелден аламыз. Қанша жерден бағаны ұстап тұрайық десек те, қымбаттатуға тура келеді.
Қоғам белсендісі Мұхтар Айсауытов құрылыс заттарының қымбаттығы баспана құнына да әсер ететінін айтады.
МҰХТАР АЙСАУЫТОВ, ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫ, ҚОҒАМ БЕЛЕНДІСІ:
Материал қымбаттады деген сөз - жилье қымбаттады деген сөз. Мысалы 2000 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін материалдар 50-60 процент қымбаттап кеткен. Бұл не деген масқара. Содан кейін де үйлердің квадрат метрі қымбаттап, масқара болып отырған себебіміз сол. Бізге шығару керек қой, бүкіл материалды, сонда бәрі жақсы болады.
Елімізде құрылыс заттарын шығаратын 3 мыңға жуық кәсіпорын бар. Оның 96%- шағын компания. Ал олар бағаны қайдан алады?
БАҚЫТЖАН ДАУЛЕТБАЙҰЛЫ, ҚҰРЫЛЫС ОДАҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл - рубль бағамына тәуелділіктің салдары. Өйткені отандық өндірушілер Ресей нарығына қарап, бағаны тек сәл ғана төмендетеді. Бұған қоса, 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 16%-ке дейін өсті. Ол аздай, жүк тасымалдаушылар да тасымал бағасын едәуір көтеріп отыр. Осы факторлардың барлығы құрылыс материалдарының қымбаттауына себеп болуда.
Құрылыс нарығы екіұдай күйде: бір жағынан, өндіріс өсіп, импорт қысқарғанымен, қазақстандықтар ұлттық өнімді тұтынуға асығар емес. Теңге бағамы, маусымдық сұраныс және сыртқы нарықтағы қымбатшылық – біздегі бағаны айтарлықтай өсіруде.