$539.49 €627.7 ₽6.75
×

"Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз", - Президент

"Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз", - Президент

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысу үшін Мемлекет басшысы Түрікменстанға барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды. Конференцияға қатысушы делегация басшыларымен бірге суретке түсіп, артынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Басқосуда аймақ елдері ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды.

Жиыннан соң Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған үшінші басқосуында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі конференцияны шақыру бастамасын көтергені үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Конференцияға қатысушы елдердің проблемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз.

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер қатарына 32 мемлекет кіреді. Онда жарты миллиардтан астам адам тұрады. Оның көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілерме бетпе-бет келеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы серіктес ретінде қарау керек. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай елдердің үні анық естілуі тиіс екенін айтты. Ал бірлестікке мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы терең, ұжымдық ұмтылысы батыл болуы тиіс екенін жеткізді. Осы тұста Аваза іс-қимыл бағдарламасы теңізге шығар жолы жоқ елдердің мәселесін шешетін, тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы боларына сенім мол.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек.

Жиынға қатысушы елдерді толғандырған тағы бір мәселе – климаттың өзгеруі. Бұл түйткілді Президенттің тілге тиек етуі тек емес. Себебі, көптеген ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев климаттық өзгерістермен күреске жұмылу үшін конференцияға қатысушыларды келер жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. 

«Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз». Мемлекет басшысы осылай деп қадап айтты. Бұл -құрлық арқылы байланыс беки түседі деген сөз.  Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырары сөзсіз.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары. 

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете алатынымызды айтты.