Баға бетімен кетті. Азық-түлік құны күн сайын өсіп жатыр. Себепсізден себепсіз сес көрсеткен сайын жұрт жыларман күйге түсті. Күнделікті тұтынатын тағамнан бастап, етке дейін қымбаттаған. Министрлік тиісті шара қабылдаймыз, ретке келтіреміз деп талай уәде берген. Бірақ бәз қалпынан жылжыған жоқ. Керісінше аспанға қолын созып, шарықтауын тоқтатар емес.Шаққалиев енді негізсіз теңге қосқандар оңайлықпен құтылмайды деп сендірді.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Ең алдымен біз ескерту жасайтынбыз. Одан кейін біз айыппұл саламыз. Енді өзгерістерді біз заңнамаға кіргізіп жатырмыз. Енді ескерту болмайды. Айыппұл салатын болады.
Әсіресе «үй жанындағы дүкендердегі» бағаларды бақылау күшейтіледі. Қазір тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында виртуалды көмекші әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек азық-түлік ваучері пилоттық жобасы іске қосылмақ. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарларды үстеме бағасыз сатып алуға мүмкіндік береді дейді министр. Ал экспорт пен инфляцияны суперкомпьютер арқылы болжау жоспарланған.
АБЫЛАЙХАН ОСПАНОВ, "ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі кезең жасанды интеллект пен суперкомпьютер уақыты. Үлкен деректер көлемін басқару саудада жасанды интеллект қолдану болжам жасау және мемлекеттік реттеу жүргізу үшін "Қазақтелеком" әзірлеп жатқан суперкомпьютерін пайдалануды ұсынамыз.
Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласын цифрлық трансформациялау міндетін қойды. Қазір сауда саласында жүйелі жұмыс жүріп жатыр дейді министрлік. Нақтырақ айтсақ, ұлттық каталог енгізіліп жатыр. Бұл тауарларды өндіруден, әкелуден бастап, көтерме және бөлшек саудада өткізуге дейінгі барлық кезеңдіқамтиды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы отандық нарықты контрафакт пен сапасыз өнімдерден қорғауға, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Үкімет басшысы осыған қатысты құзырлыларға бірнеше міндет жүктеді. Біріншіден, Сауда және интеграция министрлігі мен Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл 1 қазанға қарай тауар, жұмыс пен көрсетілетін қызмет жүйесінде топқа бөлуді аяқтауы тиіс. Екіншіден, тауарлардың ұлттық каталогімен сапалы интеграциясын қамтамасыз ету үшін нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жаңарту қажет.