Несиені садақа деп елестетіңіз… Сауап аласыз, жеңілдік сезінесіз, тіпті өміріңіз өзгеріп сала береді. Бұл бір-екі күн бұрын әлеуметтік желіде тараған коучтың «ақылы».
ЛАЗЗАТ НҰРЛЫБЕК, КОУЧ:
Кредит төлейтін кезде міндетті түрде мына техниканы қолданыңыздар. Кезекті кредит төлейтін кезде садақа беріп жатқандай төлесеңіз, сіз сауапқа кенелесіз. Бір жағынан сіз келесі жолы үйреніп аласыз, оңай сізден шығатын болады. Яғни сіздің табысыңыз еселене береді.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: бірі қолдаса, енді бірі ашуға мінді.
Осылайша «рухани-қаржылық мотивация» таратқан коуч, бірнеше күнде 100 мың қаралым жинаған. Бірақ қаржыгерлер бұл кеңестің қауіпті екенін айтады.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Кез келген банк несие беретін болса, несиенің пайызын қояды. Кейін халықтан жинаған ақшасына депозитіне де төлем қояды. Яғни, пайыз бар. Процент деген әңгіме бар. Бұл шариятта садақа емес, бұл - төлемақы. +Садақа деген нәрсе, бәріміз білеміз ғой, ол ешқандай сенен бір пайдаланбастан, ешқандай бір қайтарып беру мәжбүрлігі жоқ біреуге жәрдем беруді садақа дейді.
Елімізде әрбір екінші адамда несие бар. Биыл жеке тұлғалардың жалпы берешегі 14,3 триллион теңгеден асқан. Сарапшылар бұл көрсеткіш жыл соңына дейін де өсе береді дейді.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Адам несиені алатын болса, одан кейін ай сайынғы төлемді садақа ретінде қайтарып жатырмын деп ойлайтын болса, ол теріс сананың қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Адам банктен қарыз алған кезде оны пайызбен қайтаратынын біледі. Ай сайынғы төлемді төлеу арқылы адам менің төлемім азайып жатыр деген ойға келеді. Сол арқылы өзінің мойынында жауапкершілік бар екенін түсінеді.
Иә, бұл тұрғыда жауапкершілік ең басты қағида. Бір қызығы, осындай «коучтардың» көпшілігінде қаржы саласында білімі жоқ, бірақ мотивациялық тренинг арқылы әжептәуір табыс тауып отыр.
Қысқасы, кредит төлеп жүргенде садақа беріп жатырмын деп алданбаңыз. Бұл - сауап емес, бұл - шарт. Шын ниетпен садақа беріңіз, ал несиені келісіммен өтеңіз. Өкінішке ұрынбау үшін қаржылық шешімді - эмоциямен емес, есеппен қабылдаған дұрыс дейді мамандар.