$536.58 €622.75 ₽6.71
×

Әжелер автобуста Абай әндерін шырқады

Әжелер автобуста Абай әндерін шырқады

Астанада ерекше челлендж өтті. Қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қала автобусының бірі ән мен жырға бөленді. “Әжелер шаңырақ” ансамблінің мүшелері қоғамдық көлікте Абайдың мәңгілік әндерін шырқады. Шараның мақсаты ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлы ақынның шығармашылығын кеңінен таныту.

КҮЛӘШ ҚОСБАРМАҚОВА, "ӘЖЕЛЕР ШАҢЫРАҚ" АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгінгі мереке өте ерекше мереке. Абайдың 180 жылдығына арналған челленджін "Әжелер шаңырақ ансамблі" өткізіп жатыр. Біздің челлендждің бағдарламасында 3 ән бар: "Айттым сәлем, Қаламқас", "Көзімнің қарасы" және "Желсіз түнде жарық-ай" атты әндер.

Шара жолаушылардың көңілінен шықты. Музыкалық тосынсыйдан алған әсерін жасыра алмаған қала тұрғындары ерекше алғыстарын білдірді.

ЗЕЙНЕГҮЛ ДҮЙСЕНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазір мен әуежайға бара жатырмын, Түркістанға сапарым бар еді. Киелі мекенге жол тартпас бұрын осындай киелі әндерді тыңдау,  мен үшін ерекше әсер. Асыл мұраны жаңғыртып жүрген апаларымызға алғысым шексіз! Мен сондай қуаныштымын. Әсерімді жеткізе алмаймын!

Бұл шараны ел ішінде ұлт руханиятын дәріптеудің жаңа форматы деуге болады. Қарапайым автобус бүгін рухани сахнаға айналып, Абай үнімен тыныстады.