Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мәди Сәкен ерекше өнер туындысын паш етті, хабарлайды Astana TV. Ол данышпан тұлғаның портретін көркем шығармашылықтың бірегей түрі саналатын ниткография (жіппен сурет салу) техникасын қолдану арқылы жасаған.
Мәди Сәкен - Павлодар облысынан шақырылған мерзімді әскери қызметтің сарбазы. Әскери қызметке дейін Павлодардағы көркемсурет колледжінде «графикалық дизайн» мамандығы бойынша білім алған. Оның бала күнінен бойына дарыған өнерге құштарлығы әскери борышын адал өтеуіне еш кедергі келтірген жоқ, керісінше, ынта мен шабыт сыйлады. Мәдидің қарулас достарымен бірге жасаған туындысы - ақын мерейтойы тұсында Абай әлеміне деген құрметтің көрінісі. Қарапайым құралдар - жіп пен желім арқылы жасалған портрет ағартушы бейнесін дәл, әсерлі әрі мазмұнды түрде жеткізеді.
Әскери бөлім басшылығы ұландықтың бастамасын жылы қабылдап, сарбаздардың жауынгерлік даярлығын шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін де қолдаудың маңызын атап өтті.