$518.34 €591.06 ₽6.27
×

Сауд Арабиясындағы коррупциямен күрестің астары. Мұнай. Бізде енді солярка тапшы.

AstanaTV
11.11.2017ж. 20:00
2547
Сауд Арабиясындағы коррупциямен күрестің астары. Мұнай. Бізде енді солярка тапшы.

Тағы бір «қызық». Сауд Арабиясындағы коррупциямен күрес. 81-дегі король Салманның бұйрығымен жемқорлықпен күресетін комитет құрылды, жетекшісі – тақ мұрагері, Салманның 32 жастағы ұлы, қорғаныс министрі Мұхаммед бин Салман. Тағайындала салысымен бірнеше сағаттан кейін ол 11 ханзада мен қызметтегі және бұрынғы ондаған министрге парақорлық пен ақша жылыстату айыбын тақты. Король Салман «өкіметте жеке басының мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоятын, заңсыз баюды көздеген адамдар бар болып шықты» деп түсіндірген. Құрылған комитеттің басты мақсаты заңсыз жиналған мал-мүлікті мемлекетке қайтару. The Wall Street Journal ұсталғандардан 800 млрд доллар кәмпескелейді деген ақпарат жазған. Олардың есепшоттарын мұздай қатырып, шетелдердегі банктерде жасырған ақшаларын да қайтаруға тырыспақ. Ұсталғандардың  Эр-Риядтағы керемет отельде - The Ritz-Carlton-де қамалғаны да «қызық» болды. Алғашқы тараған видеода олардың құс төсекте емес, кіреберісте, кілемге төселген матрацтарда жатқаны. Шын мәнінде оларды қашып кетпесін деп қамаған. Иә, астарына үңілсек, Сауд Арабиясының қазіргі идеологиясы - «мұнай инесінен» құтылуымыз керек, ал алып шығатын - тақ мұрагері, ханзада Мұхаммед. Ал ол «жаңа жүйеге», дәлірегі - өзіне қарсыларды аясын ба?! Мысалы, корольдің немерелес інісі, байлығын Форбс 19 миллиард деп санаған, кей ақпарат көзі 35 млрд дейтін Уалид бен Талал жаңа экономикалық саясатты қолдаудан бас тартқан. Сөйтіп «коррупция» айыбы тағылды. Қайтыс болған Абдалла корольдің ұлы, Ұлттық гвардияның басшысы Мутиб бен Абдалла да тұтқындалды. Әлемдік эксперттер бұл операцияның коррупцияға қатысы шамалы, мәселе таққа отыруға дайындалып жүрген мұрагердің бәсекелестері мен сыншыларын әкесі мәңгілік мекеніне кетіп қалмай тұрғанда ликвидациялауында дейді. Ал оған қарсылар саяси, әскери, медиа және бизнес элитада аз емес болған...

Осы науқанның фонында мұнай бағасы өсті. Баррелі 64 долларға дейін. Бірақ нарық заңдары жүрмейтін бізде солярка тапшылығы туды. Өткенде де айттық, модернизациялауды елден бұрын бастап кеткен ұлттық компаниялар холдингі мұнай өңдейтін 3 зауыттың екеуін кезекті рет модернизациялауға жапқанда қор жинап қоюды қалай ойламаған деуге ұялып тұрғанымыз. Осы аптада Павлодардағы мұнай-химия зауытының басшысы Шухрат Данбай қызметінен алынды. Зауыттың жоғары октанды бензин мен дизельді отынды қарқынды өңдеуге қарашаның басында кірісетінін Энергетика министрі хабарлап қойған. Болмағасын, босатқызған ғой. Ал зауытта дизельді отын шығаруға қажет сутегі өндіретін қондырғы жұмыс істемейді екен. Оны жөндеу желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін. Тапшылық тууы мүмкін екенін ескертеміз, деген хабарлама таратты, министрлік. Рақмет. Алайда... Алайда кей жерде литрі 200 теңгеден асып кетті. Адамдар оған да көнеді, көнбей қайда барады, бірақ солярка жоқ жерлер бар. «ҚазМұнайГаз өнімдері» компаниясы тапшылықты шығынға бата отырып толтырып жатыр. Ресейден әкелген отынды 160 теңгеден асырмай сатып. Шын айтам, біздің елдегі нарық заңдары уникалды. Берекесіз жұмыстарын бүркеу үшін бағаны ұстай тұрады. Осы уақытта салынғанына он жылдан енді асқан емхананың қабырғалары қақырап тұр. Ал жекеменшік банктерге Ұлттық қордан триллиондап ақша бөлінеді. Жалпы барлық қадам мемлекет қазынасының есебінен жасалады. Емхана туралы сәл кейінірек.