АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Қаланы биік етіп тұрған крандар емес, осы алаңда тер төгіп жүрген адамдар. Олар құрылысшылар. Қауіп-қатермен, шаң-топырақпен, уақытпен жарысып жүріп, күн сайын жаңа ғимарат салып жатыр.
ДУЛАТ БЕЙСЕНБАЕВ, ТЕМІР-БЕТОН ҚАҢҚАСЫН ДАЙЫНДАУШЫ:
Халықтың игілі үшін жасап жатырмыз деп ойлаймын. Қаншама Жк-лар салдық. Атап өтсек, үлкен объектілеріміздің бірі Халық аренасын салдық. 2014-16 жылдары. Оны қазір біз балаларымызға мақтанышпен айтамыз мысалы. Әлемдік деңгейдегі халық аренасын.
Қазақстанның әр қаласының көшесі - құрылысшылардың қолтаңбасы. Таң шапағымен басталған жұмыс кеш батқанша жалғасады. Олар болашақтың кірпішін бүгін қалап жүр. Әр көтерілген қабырға - елдің дамуына қосылған үлес, әр орнатылған терезе - жаңа өмірге ашылған есік.
МАРАТ ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ, МҰНАРАЛЫ КРАН МАШИНИСІ:
Ең қиыны біз үшін сол ауа райы ғой. Қатты желде тоқтатамыз кранды. Қатты желде жұмыс жасауға болмайды. Тоқтатып қоямыз кранды. Жұмысты бітіріп, зданиелерді өткізіп жатқанда сол кезде кереметін көреміз. Осы зданиені біз соқтық деп.
Құрылыс алаңында әр кірпіштің тарихы бар. Біреуін - әке қаласа, екіншісін - ұл жалғастырады. Әкеден балаға өткен мамандық - тек кәсіп емес, өмірлік мектеп.
АЛЕКСЕЙ НИКИШИН, ЖЕЛДЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
25 жыл болды осы салада жүргеніме. Алғашқы еңбек жолымды балам сияқты қарапайым жұмысшы болып бастағанмын. Астана алғаш қала болып салына бастаған кез еді. Ең алғашқы салған нысан - Қаржы министрлігі. Содан бері қаншама зәулім үйлер мен нысандардың іргесін көтердік.
Әке жолын жалғаған ұлдан артық мақтаныш жоқ. Бала кезінде ойыншық құрастырған қол, бүгінде қала тынысын жеткізетін желдеткіш орнатып жүр.
КИРИЛЛ НИКИШИН, ЖЕЛДЕТКІШ ОРНАТУШЫ:
Бала кезімнен лего конструкторын құруды ұнататынмын. Содан бері маған нысандардың құрылысы қызық болатын. Қызығушылық болған соң, Әкемнің жолын қуып осы салаға келдім. Желдеткіш орнатып жүргеніме 10 жылдай болды.
Сандарға сүйенсек, елімізде құрылыс саласында шамамен 700 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Бір құрылысшы жылына орта есеппен 1200 шаршы метр үй салады. Биылдың өзінде 17 миллион шаршы метрден астам баспана тапсырылған.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Құрылыс - жай жұмыс емес, ол - сенім. Әр іргетас - ертеңгі күнге қаланған үміт. Бүгін - сол үмітті иығына артқан құрылысшылардың мерекесі. Қалалар салған қолдарға алғыс білдіреміз!