$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Оралдық өнертапқыштар қолдан көлік құрастырды.

AstanaTV
11.11.2017ж. 20:00
2478
Оралдық өнертапқыштар қолдан көлік құрастырды.

Оралдық өнертапқыштар қолдан көлік құрастырып шығарды. Бұл көлікті жасап шығару үшін бес-алты мәшиненің бөлшектері қолданылыпты. «Жигулидің» моторын, «Ниваның» бөлшектерін пайдаланған, ал кузовын кәдімгі қаңылтыр мен құбырдан өздері жасаған. Екі кісілік кабриолеттің салмағы 500 келіден аспайды. Ал жылдамдығы... сағатына 160 шақырымнан асады.

Сергей Офицеров, конструкторлық бюро жетекшісі:

Өзге көліктерге қарағанда орнынан тез қозғалады. 1960-жылғы «Лотус» спорттық көлігіне ұқсатып құрастырдық. Әрине зауыттағыдай әдемі болмас. Енді мемлекеттік нөмір алсақ, қала ішінде емін-еркін жүруге болады. Мұны құрастыруға екі миллион теңге кетті. Бүкіл жұмысты техникаға икемді студенттер істеді.

Бұған дейін өнертапқыштар кәдімгі «Ока» көлігін күн сәулесінен қуат алатын электромобиль қып қайта жасап шығарған. Титімдей көліктің моторын алып тастап, 8 аккумулятор орнатыпты. Экологиялық жағынан таза көліктің жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспайды. Бірақ төбесіндегі күн сәулесі панелі арқылы күні бойы тоқтаусыз жүруге болады.

Мұндай көліктің  өндірістік көлемде шығарылмайтыны түсінікті. Өйткені жабдықтау құны қымбатқа шығады. Мәселен, «Оканың» базардағы бағасы 150 мың теңгеден аспайды, ал жаңадан жабдықтау үшін бірнеше миллион теңге керек. Инвестиция сала алатын адамдардың мұндай электромобильге пысқырып та қарамайтыны анық. Оларды экология қызықтыра қоймайды, ал бензин үнемдеуді үйдей джипін газға ауыстыру деп ғана есептейді. 

Сергей Офицеров, конструкторлық бюро жетекшісі:

Егер бензинмен жүретін ірі көлікке күніне 2-3 мың теңге кетсе, мұндай электромобильдің күнделікті шығыны 7 теңге. Өйткені бензин құймайсыз, май жемейді. Дөңгелегін ғана тексересіз – болды. Джипті де электромобиль қылуға болады. Онда қуаттырақ батарея орнатамыз. Бірақ әзірге ондай тапсырыстар түскен жоқ. Сондықтан ғылыми мақсатта ғана жұмыс істеп жатырмыз.