Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы егін жинау маусымында астық сақтау қоймаларының дайындығы жөнінде мәлімет берді.
Министрлік дерегінше, еліміздегі астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы - 30,9 млн тонна. Оның 13,5 млн тоннасы – лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында, ал 17,4 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жеке қоймаларында орналасқан. Бұл көлем өткен жылдардағы қалдықтарды ескере отырып, биылғы өнімді толық сақтауға жеткілікті.
Қазіргі таңда лицензияланған қоймалардағы жүктеме – 3,1 млн тонна немесе 22%, ал бос орын – 10,2 млн тонна. Негізгі астықты өңірлерде жағдай мынадай:
Қостанай облысы: жүктеме – 590,9 мың тонна (19%), бос орын – 2,4 млн тонна;
Солтүстік Қазақстан облысы: жүктеме – 932,5 мың тонна (27%), бос орын – 2,4 млн тонна;
Ақмола облысы: жүктеме – 1,2 млн тонна (26%), бос орын – 3,3 млн тонна.
Астық қабылдау кәсіпорындары мен қоймаларда орын тапшылығы жоқ. Қолда бар сақтау қуаты өнімді толық сақтауға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді ведомство.