Қазақстандағы «Келешек мектептері» мен инновациялық шығармашылық орталықтарының оқушылары Қытайдың Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық жарысында жоғары нәтижеге қол жеткізді.
7–10 тамыз аралығында өткен чемпионат Азиядағы робототехника, ғылыми зерттеу және инновациялық жобалар саласындағы ең ірі алаңдардың бірі болды. Биылғы тақырып - «Су асты әлемін зерттеу». Додаға 30-дан астам елден 500-ден астам команда және 12 мыңнан астам қатысушы қатысты.
Үш күндік жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық командалар инженерлік шеберлік, креативтілік және командалық жұмыста жоғары деңгей көрсетті.
Нәтижелер:
2 қола медаль: Champions Award (Leas оқу орталығы, Explore санаты, 6–10 жас) және чемпионаттың басты марапаты (Орал қаласы Оқушылар сарайының «Subsquad» командасы, Challenge санаты, 10–16 жас).
6 арнайы төрешілер жүлдесі: Innovation Project Award, Core Values Award, Challenge Solution Award, Engineering Excellence Award, Team Poster Award, Team Model Award – бұл марапаттарға Алматы, Түркістан, Шымкент, Қызылорда және тағы басқа өңір командалары ие болды.
FIRST LEGO League – мектеп оқушыларының инженерлік және зерттеу қабілеттерін LEGO Education платформасы арқылы дамытуға бағытталған халықаралық бағдарлама. Қазақстанда бұл жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation қоры арқылы жүзеге асырылады.