Биылғы оқу жылында Қазақстанға 31 500 шетелдік студент келіп, жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Студенттердің ішінде Ресейден – 3000, Үндістан мен Пәкістаннан – 12 500, Қытайдан – 2000 адам бар. Сондай-ақ Нигерия, Моңғолия, Әзербайжан, Италия, Франция, АҚШ және Австралиядан да жастар келді.
Министрдің айтуынша, басты мақсат – өңірлерде шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу. Бұл қадам білікті профессорларды тартуға, заманауи зертханалар мен құрал-жабдықтарды дамытуға және инвестицияны көбейтуге мүмкіндік береді.
Шетелдік білім беру мекемелерінің ашылуы технология трансферін қамтамасыз етеді. Мықты университеттер арқылы ғылыми жобаларды тартып, жергілікті мамандармен қатар 40-қа жуық шетелдік профессордың ғылыми әлеуетін пайдаланудамыз. Қазір 11 патентіміз бар, – деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін министр алдағы уақытта сабақ беретін ЖИ аватар-мұғалімдер пайда болатынын айтқан еді. Бес айдың ішінде қазақстандық студенттер жасанды интеллект саласында белсенді жұмыс бастап, алғашқы нәтижелерін көрсетті.