$539.49 €627.7 ₽6.75
×

ШҚО-да 9 млрд теңгеге заңсыз электр сату фактісі анықталды

11.08.2025ж. 14:52
ШҚО-да 9 млрд теңгеге заңсыз электр сату фактісі анықталды

Энергиямен жабдықтаушы компаниялар майнинг кәсіпорындарын екі жыл бойы рұқсатсыз қамтамасыз етіп келген

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен бірлесіп, 9 млрд теңгеден астам сомаға электр энергиясын заңсыз сату дерегін әшкереледі.

Қолданыстағы заңнамаға сай, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана сату рұқсат етіледі. Алайда бірқатар энергиямен жабдықтаушы компаниялар екі жыл қатарынан халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық кәсіпорындарға арналған электрді заңсыз түрде майнинг фирмаларына жеткізіп келген.

Заңсыз берілген электр энергиясының жалпы көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады. Бұл – 50-70 мың халқы бар қаланың жылдық тұтынуына тең.

Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы елордада екі пәтер және төрт автокөлік сатып алғаны анықталды. Олар сот санкциясымен тәркілеу мақсатында бұғатталды.

Тергеп-тексеру жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды.