$542.66 €631.98 ₽6.77
×

Таңдаулы 100 кітап анықталды

Таңдаулы 100 кітап анықталды

«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек». Мемлекет басшысы Атырауда өткен  III Ұлттық құрылтайда осылай деген еді. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып атап өтілді. Мереке орай қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба – «100 кітап» сауалнамасы басталып, Абай күнінде мәресіне жетті. 3 айға созылған сауалнамаға 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауын жасады. Бастамаға белгілі қаламгерлер мен сарапшылар да атсалысты.

ТӨЛЕН ӘБДІК, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Жастар кітап оқымайды дейміз. Смартфон, компьютерге әуес дейміз. Бүкіл елде бар ондай жағдай. Бірақ әлемде әдебиет дамып жатыр. Сондықтан да біз одан қалмауымыз керек. Ол үшін түрлі жобалар керек. Мынау 100 кітап соның бір түрі. 100 кітап десе жұрт "бұл не 100 кітап, мұның ерекшелігі қандай?" деп оқи бастайды.  Сондықтан 100 кітаптың халыққа әсері боларына сенімдімін.

МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұл бастаманың ең жақсы жағы оқырмандардың кітапқа деген ықыласын арттыру. Осы 100 кітапты көріп тұрған адамдар оқығаннан кейін, бұрын кітап оқымаған адамдар оқып кетуі мүмкін.

Қорытынды тізімге классикалық шығармалардан бастап, қазіргі заман авторларының да туындылары енді. Үздіктер қатарында көркем әдеби роман мен повестер, өлең жинақтары бар. Жиынға қатысушылар бұл бастаманың ел руханияты үшін айрықша маңызды қадам болғанын атап өтті.

РАИСА ҚАДЫР, "STEPPE AND WORLD" БАСПАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл үлкен, болашақта, 10-20 жылға бағытталған стратегиялық бағыттың бастауы деп білем. Бұл сауалнамадан біз қоғамның айнасын көреміз. Қоғамда не болып жатқанын түсіне аламыз. Содан кейін әрі қарай бағыт алып, мәдениетте болсын, өнерде болсын, әдебиетте болсын өте жақсы мүмкіндік беретін, фундамент қоя алатын тамаша жоба.

«100 кітап» жобасы – ұлтымыздың болмысын айшықтайтын, қалың оқырманның әдеби талғамын қалыптастыратын, келер ұрпаққа рухани бағыт-бағдар болатын маңызды қадам болмақ.