$542.66 €631.98 ₽6.77
×

Хакім Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік өз мәресіне жетті

11.08.2025ж. 19:30
Хакім Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік өз мәресіне жетті

Қарауылтөбеде Ұлы Абайдың 180 жылдығы барынша сән-салтанатымен атап өтілді. Ақынның тойы орталық алаңдағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шараға зиялы қауым өкілдері, тойдың құрметті қонақтары мен тұрғындар қатысты. Абай Құнанбайұлының ескерткішіне арнайы тағзым ету үшін әйгілі жазушы, Мұхтар Әуезовтың немересі Зифа-Алуа Әуезова да арнайы келген. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қадірлі қауым! Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын. Абай төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Халқымыздың сана сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті.

Қарауылтөбеде «Жеті қазына» республикалық байқауы дүйім жұрттың назарын аударды. Жорға, топ және аламан бәйгеден өткен жарыстар көптің көңілінен шықты. Ұлттық спортқа тігілген жүлденің қоры  қомақты. 90 жылқы, 10 темір тұлпар өз иесін тапты. Тоғызқұмалақтан Астана қаласынан келген Биғали Жеңісұлы автокөлік иеленді.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Тоғызқұмалақ Абайдың сүйікті ойыны. Ешқашан автокөлік тігілмеген бәйгеге. Абайдың тойы Қырғызға дейін жетіп жатыр. Қырғыз бауырларымыздың бас бәйгені алғанына шын қуанып тұрмыз. Той құтты болсын. Той жыл аяғына дейін жалғасады.

«Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы жұрт сағына күткен жыр додасы болды. 9 сағатқа жалғасқан сөз сүлейлері сайысының бас жүлдесі қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырды. Үшінші орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина, екінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Бірінші орын Рүстем Қайыртайұлына берілді.

БЛИЦ:

- Биылғы айтыс ерекше деп ойлаймын. Бетке ұстар аймақтың бәрі жиналды.

- Айтыстың келгеніне ризамыз. Айтыскерлердің бәріне де жанкүйерміз. Тілдері жаңылмасын.

Абайдың 180 жылдық мерейтойы биыл алғаш рет онкүндік ретінде аталып өтті. Концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым, көрме мен фестиваль, спорттық жарыстарды қамтығанда халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.