$542.66 €631.98 ₽6.77
×

Шілдеде жұмыс іздеушілер белсенділігі 34%-ға артты

12.08.2025ж. 10:39
Шілдеде жұмыс іздеушілер белсенділігі 34%-ға артты

Enbek.kz сайтында 147,8 мың түйіндеме жарияланып, бос орындар саны аздап қысқарды

Шілде айында жұмыс берушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасына 104,8 мың бос жұмыс орнын орналастырды. Бұл маусым айымен салыстырғанда 4,6 мыңға (4%) аз. Ал жұмыс іздеушілер белсенділігі айтарлықтай өсіп, бір айда түйіндеме бергендер саны 38 мыңға (34%) артып, 147,8 мың болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бос жұмыс орындарының айтарлықтай өсуі Алматы облысында (+28%, 4,2 мыңға дейін), Қызылорда облысында (+20%, 2,8 мыңға дейін), Алматы қаласында (+20%, 7,9 мыңға дейін) және Солтүстік Қазақстан облысында (+17%, 4,7 мыңға дейін) байқалды. Ең көп қысқару Жамбыл (-57%, 3,3 мыңға дейін) және Түркістан (-45%, 5,6 мыңға дейін) облыстарында тіркелді.

Салалар бойынша бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру (20 мыңнан астам), басқа қызмет түрлері (16,5 мың), денсаулық сақтау (10,6 мың) және өңдеу өнеркәсібі (7,7 мың) салаларына тиесілі. Бұл төрт бағыт жалпы бос орындардың 57%-ын құрады. Білім саласындағы әрбір төртінші вакансия Астана мен Алматыда жарияланды.

Сұранысқа ие мамандықтар қатарында мейіргерлер (2,2 мың бос орын), тәрбиешілер (1,9 мың) және автокөлік жүргізушілері (1,8 мың) бар.

Біліктілік деңгейі бойынша сұраныс құрылымы өзгерді: жоғары білікті мамандарға – 32,9 мың орын (31,4%), біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 44,3 мың орын (42,3%), орташа білікті мамандарға – 27,6 мың орын (26,3%).

Жұмыс іздеушілердің белсенділігі барлық өңірде артты. Ең көп өсім Шымкентте (+54%, 19,6 мың түйіндеме), Қызылордада (+46%, 9,3 мың) және Атырауда (+38%, 10,4 мың) байқалды.

Ең жоғары жалақыны ұсынған лауазымдар: ұшқыш – 1,8 млн теңгеден, сынақ және жабдықты реттеу бөлімінің бастығы – 1,5 млн теңгеге жуық, IT-техникалық директор – 1,4 млн теңгеге жуық. Нақты секторда ең жоғары еңбекақы тау-кен өнеркәсібіндегі учаске басшысының орынбасары (756 мың теңгеден), учаске басшысы (~747 мың теңге) және бас құрылысшы (~668 мың теңге) лауазымдарына белгіленген.