$542.66 €631.98 ₽6.77
×

Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 инвесторға көмек көрсетілді

12.08.2025ж. 12:45
Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 инвесторға көмек көрсетілді

Берік Асылов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды қолдау және бюджет қаражатын қайтару бойынша атқарылған жұмыстарды жариялады

Қазақстанда инвестициялық жобаларды қолдау аясында биылғы жылы 822 инвесторға көмек көрсетілді. 2023 жылдан бері бұл көрсеткіш 1 522-ге жетіп, жалпы инвестиция көлемі 8,3 трлн теңгені құрады. Бұл ондаған мың жұмыс орнын құруға және сақтауға мүмкіндік берді.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жыл басынан бері прокуратура органдарының мобильді топтарына 800-ден астам кәсіпкер жүгінген. Өтініштердің төрттен бірі расталып, тексерулердің заңдылығы, шектеу шаралары және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша 86 қадағалау актісі енгізілді.

«Атамекен» ҰКП-мен бірлескен келісім шеңберінде прокуратура бизнестің жүйелі проблемаларын шешуге белсенді қатысып келеді. Биыл заңмен бекітілген «прокурорлық сүзгі» тетігі рұқсат беру тәртібін жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесін ашық етті.

Активтерді қайтару комитеті 2025 жылы 354 млрд теңгеден астам қаржыны мемлекетке қайтарды. Бұл қаражат 400-ден астам әлеуметтік нысан құрылысына бағытталып, оның ішінде шалғай ауылдарда 333 жоба іске қосылды. Денсаулық сақтау және спорт саласында 33 нысан пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, бюджет пен мемлекеттік сатып алу саласындағы тексерулер нәтижесінде 5,7 млрд теңге өндірілді, 259 млрд теңгеге 641 заңсыз сатып алу жойылды. 1 519 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы бюджетке 716 млрд теңге қайтарылды. Бұдан бөлек, 109 млрд теңгенің ықтимал шығынының алдын алынды.