$542.66 €631.98 ₽6.77
×

Балалардың денсаулығы басты назарда: мектеп асханаларына жаңа талаптар енгізіледі

12.08.2025ж. 15:50
Балалардың денсаулығы басты назарда: мектеп асханаларына жаңа талаптар енгізіледі

2025 жылдың қыркүйегінен бастап оқушылар дұрыс тамақтанудың заманауи талаптарына сай ас мәзірімен қамтылады

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздегі білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Жаңа талаптарға сәйкес, мектеп асханаларында қантты тұтыну 3,6 есеге, ал тұзды 5 есеге дейін азайту көзделген. Оның орнына көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің үлесі артады. Стандартта шағын жинақты мектептердегі тамақтану, буфеттердегі ас мәзірі және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балаларға арналған ережелер қарастырылған.

Министрдің айтуынша, биыл 312 мектеп пен олардың асханалары тексерілген. Бұл жалпы мектептердің 4 пайызы ғана. Нәтижесінде 246 нұсқама беріліп, 117 адам жалпы сомасы 31 млн теңгеден астам айыппұлға тартылды. 90 қызметкер қызметінен шеттетіліп, сотқа 8 іс жолданды.

Жаңартылған стандартты жүзеге асыру үшін бірнеше нұсқалы үлгілік ас мәзірі әзірленді. Алғаш рет ыстық тағам дайындауға мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептер үшін бөлек мәзір жасалған.