$542.29 €629.54 ₽6.77
×

Мыңнан астам мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді

Мыңнан астам мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді

Жаңа оқу жылы басталуына 2 аптадай уақыт қалды. Бірақ білім ордалары әлі күнге дайын емес. 9 өңірде жұмыс қарқыны баяу. 34 мектептің жөндеу жұмыстары мерзінде аяқталмауы мүмкін.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Алматы қаласы, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Алматы облыстары. Аталған өңір әкімдері жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын тікелей бақылауға алсын. Сонымен қатар физика, химия, биология, робототехника сияқты арнаулы кабинеттерді дер кезінде сатып алу да өзекті. Қыркүйек айына дейін тағы да кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтау қажет.

Шамамен 1000 мектеп талапқа сай емес, күрделі жөндеуді талап етеді. Мәселен 194 білім ордасының дәретханасы далада. Осы мәселенің өзі инфрақұрылымның қай деңгейде екенін айғақтайды. Осындай олқылықтарды ретке келтірмей бас ұстаз өзгеріс жасай алмаймыз деп кесіп айтты.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Барлық білім беру ұйымы жүз пайыз инфрақұрылым тұрғысынан дайын болғанда біз әртүрлі жаңашылдыққа қайта орала аламыз. Сондықтан мектептердің инфрақұрылымын дамыту мәселеі толық шешілмейінше, біз бұл мәселені әлі қарастыра алмаймыз.

Бірақ мүлдем өзгеріссіз емес. Мәселен, ұқсас пәндер біріктіріледі. Алгебра, геометрия бір пән ретінде оқытылады. Санаулы мектепке енгізілетін пилоттық жоба жемісін берсе барлық білім ордалары ауысады. Бірақ мұғалімдер жұмыссыз қалмай ма? Министр алаңдаушылық негіз жоқ деп басу айтып қойды. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында орта білім беру жүйесіне жасанды интелектіні енгізбек. Бұл басты өзгешелік болмақ. 

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған «Day of Al» онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді.

Бүгінде 8 мыңнан аса мектепте 4 миллион оқушы білім алуда. Орын әлі де тапшы. Үш ауысымды мектептер  мегополистердің өзінде жетерлік.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Үш ауысымды мектептердің саны бұрын 100-ден асатын. Өткен жылы біз олардың 70-інің мәселесін шештік. 30-дан астамы қалған еді. Биыл бұл мәселе толық шешіледі деп отырмыз. Дегенмен аталған өңірлерде оқушы орындарына деген қажеттілік әлі де болады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында 341 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды.  Ал 11-сыныпқа 232 мың оқушы өтті. Жауаптылардың сөзінше 267 мың орындық 232 мектеп салынып жатыр. 1-қыркүйекте 115 мың оқушыға арналған 83 білім ордасы ашылады. Ал жыл соңына дейін 111 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.



 

 

Более тысячи школ нуждаются в капитальном ремонте